ШҚО-да мектеп асханасынан уланғандардың саны 127-ге жетті

0
2 114

127 адамның 110-ы Бозанбай орта мектебінің оқушылары.


ШҚО-да мектеп асханасынан уланғандардың саны 127-ге жетті

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Бозанбай ауылындағы орта мектепте тамақтан уланғандардың саны 127-ге жетті. Бұл туралы ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы Қанат Тұрдиев мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

29 наурыздағы жағдай бойынша, мектеп асханасынан 14 жасқа дейінгі 93 бала, 28 жасөспірім және алты ересек адам уланған. Бұл 127 адамның 110-ы - Бозанбай орта мектебінің оқушылары.

«Науқастардың дене қызуы көтеріліп, жүректері айнып, құсып, іштері өткен. Өскемендегі Ана мен бала орталығының жұқпалы аурулар бөліміне 62 бала жатқызылды. Қалғандарды үйлерінде – дәрігерлердің бақылауында», - дейді департамент басшысы.

Қанат Тұрдиевтің айтуынша, мектеп карантинге жабылған. Қазір бұл жағдайға қатысты департамент мамандары мен Ұлттық сараптама орталығы тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Құқық қорғау органдары қозғалған қылмыстық іс бойынша зертханалық зерттеу үшін тамақ өнімдерінің сынамасын алған.

19 наурызда Бозанбай ауылында 48 бала дене қызуының көтерілуі, құсу және диарея шағымымен дәрігелерге жүгінгені хабарланды. Аудан әкімдігі мен облыстық Білім басқармасы балалардың улану себептері мен жағдайларын зерттеу бойынша ведомствоаралық комиссия құрды.