Үйде отбасының 7 мүшесі мен бес қонақ болыпты. Олардың жетеуі бала.
ERNUR.KZ. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов мәлімдеді, деп жазады 24.kz.
Оның айтуынша, үйде отбасының 7 мүшесі мен бес қонақ болыпты. Олардың жетеуі бала. Құтқарушылардың сөзінше, апат болған сәтте балалардың біреуі сыртқа шығып кетіп, аман қалған. Ал қалған 11 адам зардап шегіп, олардың үшеуі оқиға орнында қаза тапты. Сонымен қазір 6 адам елорданың ауруханасында реанимацияда жатыр. Бір әйел мен бір бала Шортанды аудандық ауруханасының хирургия бөліміне жеткізілген.
"Апаттың алдын ала себебі – газ баллонның жарылуы. Нақтырақ айтсақ, оны дұрыс пайдаланбау деген болжам жасап отырмыз. Бірақ оның қалай және неден жарылғанын әзірге дөп басып айта алмаймыз. Қазір оқиға орнында өрт зертханасы мен полицейлер жұмыс істеп жатыр. Жағдайды толық анықтау үшін куәгерлермен сөйлесу керек. Ал олардың бәрі ауруханада жатыр", - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов.
"Реанимацияда жатқан балалардың жағдайы ауыр. Әсіресе, 2009 жылы туған ұл бала мен 2012 жылы туған қыз баланың халі өте нашар. Екеуінің денесінің 90 процентке жуығын күйік шалған. Сондай-ақ екі ересек адамның да жағдайы аса ауыр. Оларға барлық ем-дом жасалуда", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов.