Шығыс Қазақстан облысындағы орман өрті әлі сөндірілмеді

0
489

Өрт сөндірушілерге тау бедерлері мен ауа райы қиындық тудыруда.


Шығыс Қазақстан облысындағы орман өрті әлі сөндірілмеді

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті Күршім ауданындағы Марқакөл орман шаруашылығы аумағында орман өрті әлі сөндірілмегенін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Қазір өрттің алдын ала аумағы 1 300 га құрап отыр. Айта кетері, жақын орналасқан елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Өрт сөндірушілерге тау бедерлері мен ауа райы қиындық тудыруда. Сондықтан "МИ-8" және "Еврокоптер" тікұшақтары тартылды. Бүгін өрт болған жерге суағар құрылғысы бар ТЖМ Қазавиақұтқару МИ-171 тікұшағы қосымша көмекке келмек.
"Алтай ауданында Зырян орман шаруашылығы өртенді. Тілсіз жаудың алдын ала аумағы - 800 гектарды құрайды. Өртті ауыздықтау үшін суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы, 200-ге жуық адам мен 29 техника жұмылдырылды. Елді мекендерге қауіп жоқ. Бүгін өрт болған жерге Семей қаласының №68303 әскери бөлімінің суағар құрылғысы бар қорғаныс министрлігінің МИ-17 тікұшағы, жеке құрамның 50 адамы және 4 бірлік техникасы көмекке қосымша келеді", - деді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Катонқарағай ауданындаАлтынбел ауылынан 12 шақырым жердегі Ново-Березовка орманшылығының аумағы өртенуде. Өрттің алдын ала ауданы 1200 Га.
"Глубокое ауданындағы Каменный карьер ауылында да өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда. Өрт сөндірушілердің жұмысын тау бедерлері қиындатып тұр. Таудың биіктігі шамамен 800 метр. Тұрғындарға төнген қауіп сейілді. Бүгін сағат 08.52 шамасында 60 га алаңдағы өрт ауыздықталды. Тілсіз жауды ауыздықтауға ШҚО ТЖД, полиция, ЖАО-ның 70 адамы мен 15 техникасы жұмылдырылды. Тарханка ауылындағы өрт кеше толығымен жойылды", - деп түсіндірді ТЖД.