Шығыс Қазақстанда 48 оқушы мектеп асханасында уланып қалды

0
2 536

Білім басқармасы бұл мәселе қатаң бақылауда екенін жеткізді.


Шығыс Қазақстанда 48 оқушы мектеп асханасында уланып қалды

Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Ұлан ауданының Бозанбай орта мектебінде оқушылар жаппай дене қызуының көтерілуіне, құсу мен диареяға шағымданды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы Facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

18 наурыз сағат 19.00-дегі жағдай бойынша барлығы 48 бала жүгінді, оның 19-ы Өскемен қаласының Ана мен бала орталығына жіберілді.

"Алдын ала диагноз - жіті ішек инфекциясы немесе энтеровирустық инфекциясы. Мектеп асханасында тамақтануды жеке кәсіпкер-жалға алушы ұйымдастырады. 18 наурыздан бастап мектеп карантинге жабылды. Оқушылар қашықтан оқуға көшірілді", - деп мәлімдеді басқармадан.


Аудандық ішкі істер бөлімі аталған факті бойынша ҚР ҚК 304-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған факті бойынша 18 наурыз күні таңертең мектепте облыстың бас педиатры, эпидемиолог және инфекционист, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары жұмыс істейді. Қажетті зерттеулер жүргізілуде.
Бақылауды әлсіреткені үшін аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директоры қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Аудан әкімдігі мен білім басқармасы балалардың улану себептері мен жағдайларын зерттеу бойынша ведомствоаралық комиссия құрды.