СҚО-да мал шаруашылығының кәсіпкерлері жерді мемлекетке қайтаруға міндеттеліп жатыр

0
447

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкерлер бұрын жайылымдар мен шабындықтар үшін берілген жер учаскелері бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы соттан талап-арыз алып жатыр.


СҚО-да мал шаруашылығының кәсіпкерлері жерді мемлекетке қайтаруға міндеттеліп жатыр

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытып отырған шаруалар иеліктегі жер учаскелерін мемлекетке қайтару қажеттігі туралы соттан талап-арыз алып жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкерлер бұрын жайылымдар мен шабындықтар үшін берілген жер учаскелері бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы соттан талап-арыз алып жатыр. Оларды облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы сотқа берген. Қазіргі уақытта облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында 16 азаматтық іс қозғалды. Заң консультанты Елена Пригоженконың айтуынша, басқарма осындай 35 сот ісін дайындаған.

Талап-арызға жер учаскелерінің бір кезде елді мекендер шегінде және конкурстар өткізілмей берілгені себеп болған. Кей жағдайларда заң бұзушылықтар 10, тіпті 15 жыл бұрын жасалған. Шаруалар да, кәсіпкерлер палатасындағы жұмыс тобының мүшелері де кезінде шенеуніктер жіберген олқылықтарға неліктен олар жауап беруі тиіс екендігін түсінбейді.

«Қазір істері сотта қаралып жатқан шаруашылықтар экономиканың нақты секторына жатады. Бұл бизнес субъектілері берілген жер учаскелерін жай ғана пайдаланбай, оның сапасын жақсартты. Өңірде бұған 230 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды. Сондай-ақ 2 млрд теңгеден астам сомаға мал сатып алынып, аудандарға 3 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Енді облыс бойынша ауыл шаруашылығы өндірушілері шығындарының жалпы сомасы 5,2 млрд теңгеден аспақ», - дейді Елена Пригоженко.

Осындай жағдайға тап болғандардың бірі – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда жұмыс жасайтын «Возвышенка СК» ЖШС. 2012 жылы серіктестік мал шаруашылығын дамыту үшін жер телімін алған. Осылайша ет бағытындағы мал фермасын салып, АҚШ-тан асыл тұқымды мал әкелінді. Өткен жылдан бастап серіктестік 1800 бас сиырға арналған сүт-тауар фермасын салу бойынша жобаны іске асырып жатыр. Осы аралықта «Возвышенка СК» ЖШС 1352 бас ірі қара сатып алды.

«Бұл мал жайылмайды, қорада ұстау қажет. Ол үшін жақсы жемазық базасы болуы керек. 2014 жылы мал шаруашылығымен айналыса бастағаннан кейін бізге Возвышенка ауылының маңында шөп шабу үшін жер берілді. Бұл жерлерді біз етті бағыттағы мал шаруашылығы кешенінің жем-шөп базасының сапасын жақсарту үшін пайдаланамыз. Ал биылдан бастап сауын сиырлар үшін жем-шөп алу үшін пайдаланамыз. Енді осы жер учаскелерін қайтаруды талап еткен іс сотта қаралып жатыр», – дейді «Возвышенка СК» ЖШС директорының орынбасары Денис Посовец.

Шаруалар шабындық, жайылымдық жерлерді қайтаруға тура келсе, барлық малды етке өткізуден басқа амал болмайды деп отыр. Ал алынған жерлер елді мекен тұрғындарына ауыл малын бағуға берілмек.

«Бізде ауыл тұрғындарымен ешқандай келіспеушілік жоқ. Маған сенен алынған жерді Екатериновка елді мекенінің халқына береміз деп айтты. Ол жерде 5 үй ғана бар, ал ауылдың малы 25-тен аспайды. Бұл мәселені сотқа жеткізбей-ақ шешуге болар еді ғой. Біз оларға малдарын жаймасын деп отырғанымыз жоқ», - дейді «Атабай» ШҚ-ның өкілі Альфия Құлжабаева.