СҚО-да мектепті 1 теңгеге сатып алуға болады

0
1 053

Құжат бойынша мектеп 1972 жылы салынған, аумағы 471 шаршы метрді құрайды.


СҚО-да мектепті 1 теңгеге сатып алуға болады

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында қараусыз, бос қалған мектептер аукционға шығарылып, сатылымға қойылған, деп жазады

СҚО Жамбыл ауданы Үлгі ауылындағы мектеп құны - 3,7 млн теңгеге бағаланған. Дегенмен аукционның шарты бойынша ең төменгі бағасы – 1 теңге.


Үлгі ауылында мектепке баратын бала жоқ. Бұл ауылда қазіргі кезде 18 адам тұрады. Осыдан 10 жыл бұрын 235 адам тұрған екен. Ал ауылдың тынысы тарылмай, қайнап тұрған уақытта 400-дей адам тұрған.


Аукцион 10 қарашаға белгіленген екен.

Құжат бойынша мектеп 1972 жылы салынған, аумағы 471 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың жағдайына қарап, 3,7 млн теңгеге бағаланған екен. Қаңырап қалған ауылда ешкім болмағандықтан, мұндай бағаға сатып алушы болмай тұр. Сарапшылар аукцион шарты бойынша сауда-саттық тым төмендеген жағдайда, мектепті бір теңгеге сатып алуға болады дейді.


Бұған ұқсас жағдай Жамбыл ауданы Рождественка ауылында да бар.

Мұнда аумағы 1264 шаршы метрді құрайтын, 2 қабатты мектеп аукционға қойылған. Оның сметалық құны - 9,4 млн теңге, ең төменгі баға – 1 теңге. Қазір бұл ауылда 13 адам тұрады. Өткен жылы 44 адам тұрған екен. 20 жыл бұрын 372 тұрғыны бар ауыл болған.


Ары қарай тізім бойынша, Ақбалық ауылындағы екі қабытты мектеп. Аумағы 562 шаршы метр. Бастапқы баға - 1,7 млн теңге. Ең төменгі баға – «көк тиын». Аукцион 10 қараша күні өтеді деп жоспарланған. 2018 жылы бұл ауыл таратылып жіберілген (жойылған).

Осыдан 20 жыл бұрын 260 тұрғыны бар қайнаған ауыл болған.


Есіл ауданы Новоузенко ауылында аумағы 3327 шаршы метрді құрайтын 3 қабатты мектеп сатылымға шығарылған. Құны - 27,2 млн теңге, ең төменгі құны - 1 теңге. Мекиеп 1983 жылы салынған, ол кезде ауылда 950 адам тұрған. Қазір ауылда 30 адам тұрады. Ең басты проблемалардың бірі – ауыз судың болмауы. Ауыл тұрғандары суды көрші ауылдан тасып ішеді.


Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, соңғы онжылдықта Солтүстік Қазақстан облысында мектептердің жалпы саны 127-ге азайған. Ал бастауыш және орта мектептердегі оқушылардың жалпы саны сегіз мың адамға төмендеген.

Жалпы алғанда, соңғы 20 жылда Солтүстік Қазақстан облысында 302 мектеп жабылды (478 қалды). Ал оқушылар саны 135,2 мыңнан 78 мыңға дейін азайды.