СҚО-да меморган 1 келі макаронды 17 млн теңгеден сатып алмақ болған

0
522

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, департамент сатып алудың бірыңғай терезесі порталы арқылы мемлекеттік сатып алу жүйесіне тұрақты негізде мониторинг жүргізіп тұрады.


СҚО-да меморган 1 келі макаронды 17 млн теңгеден сатып алмақ болған

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік сатып алу жүйесіне мониторинг жүргізіп, 600 млн теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың жолын кесті, деп жазады ҚазАқпарат.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, департамент сатып алудың бірыңғай терезесі порталы арқылы мемлекеттік сатып алу жүйесіне тұрақты негізде мониторинг жүргізіп тұрады.

Биыл осындай қадағалаудың нәтижесінде жоспарланған сатып алу бағасын көтерудің 32 фактісі анықталды, ол бойынша 24 мемлекеттік органда бағаны төмендету бойынша шаралар қолға алынды.

Мәселен, облыстық фтизиопульмонология орталығының басшылығы департаменттің ұсыным хатынан кейін жалпы сомасы 150 млн теңгеге 100 мың респиратор сатып алудан бас тартты.

Айта кету керек, бір жеке қорғаныс құралының орташа бағасы - 493 теңге.

«Департаменттің сарапшылары онлайн режимінде мемлекеттік сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтайды. Бұл порталдың басты артықшылығы – автоматты түрде басқа аймақтармен салыстырғанда тапсырыс берушілердің бағасы қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Орташа, қалыпты бағалардың шағын «дәлізі» алынады. Ұсыныс хаттарда біз осы порталдан алынған мәліметтерді көрсетеміз, тапсырыс берушіге қандай баға ең төмен, ал қайсысы жоғары екені түсінікті болады», - деді СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

Нұрлан Жахин қате мәліметтер жиі кездесетінін атап өтті.

«Петропавл қаласының әлеуметтік бейімдеу орталығы 17 776 750 теңгеге бір кг макарон сатып алуды жоспарлаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін келісін 250 теңгемен жалпы сомасы 23 250 теңгеге макарон өнімдерін сатып алу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, Ақжар ауданы Айсары ауылдық округі әкімі аппараты 48,1 млн теңгені тиімсіз жұмсамақ болған. Мемлекеттік орган алдағы жылыту маусымына тоннасын 933 812 теңгемен 52 тонна көмір сатып алуды жоспарлаған», - дейді Нұрлан Жахин.