Солтүстік Қазақстан облысында карантин күшейтілді

0
568

Солтүстік Қазақстан облысында бас санитариялық дәрігердің жаңа қаулысы шықты.


Солтүстік Қазақстан облысында карантин күшейтілді

ERNUR.KZ. Петропавлда ертең, 16 қазаннан бастап карантиндік шектеулер қатаңдатылып, бірқатар нысанның жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіледі, деп жазады ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысында бас санитариялық дәрігердің жаңа қаулысы шықты. Коронавирус инфекциясына шалдыққандар санының артуына байланысты өңірде карантин талаптары 16 қазаннан бастап қатаңдатылмақ. Осыған орай бүгін Петропавлда брифинг өтті.

СҚО-ның бас санитариялық дәрігері Серікбай Қасмақасовтың жаңа қаулысына сәйкес сауда, ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендердің, моншалар мен сауналардың жұмысы сағат 22.00-ге дейін қысқарады.

Қоғамдық тамақтану орындарында келушілер саны 50-ден 30-ға дейін қысқарып, сағат 22.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал мереке және демалыс күндері қоғамдық тамақтану нысандарынан тамақты тек сатып алуға немесе тапсырыспен алғызуға ғана болады.

Демалыс және мереке күндері уақытша жабық жайма базарлар, азық-түлік емес тауарлар сататын жабық базарлар, спорт нысандары, фитнес, тренажер залдары, бассейндер, білім беру орталықтары, үйірмелер, туризм нысандары мен сауда ойын-сауық орталықтары, аумағы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес тауарлар дүкендер жұмыс істемейді.

Петропавлда демалыс күндері қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтап, саябақтарға, бақтарға, өзен-көлдердің жағасына барып демалуға тыйым салынды.

Сондай-ақ штатта 30-дан артық адам болған жағдайда, 50% кем емес қызметкерлер қашықтан жұмыс істеулері тиіс.

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде наурыз айынан бері КВИ жұқтырудың 4257 жағдайы тіркелді. 24 адам қайтыс болды. Қазір өңір қауіпті инфекцияны жұқтырудан бірінші орында тұр. Өткен тәулікте СҚО-да жаңадан 14 науқас тіркелді.