Төтенше жағдай департаментінің алдын ала болжамынша, өртке тұтанған сіріңке немесе темекі тұқылы себеп болуы мүмкін
ERNUR.KZ. Петропавлда барақ типті үй жанып кетті, өрт сөндірушілер екі адамның мәйітін тапқан, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"4 наурызда сағат 00:55-те өрт сөндіру қызметіне Жұмысшылар кентінде барақ типті төрт пәтерлі үй жанып жатқаны туралы хабар түсті", - деп мәлімдеді ТЖД-дан.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде, қызыл жалын үйді толығымен шарпыған. Үйден он адам, соның ішінде екі бала эвакуацияланды, екі газ баллоны шығарылды. Өртті сөндіру кезінде 1974 және 1978 жылғы екі ер адамның денесі табылды. Олар ағалы-інілі болған.
"Өртке тұтанған сіріңке немесе темекі тұқылы себеп болуы мүмкін", - деді департаменттен.
Өрт шамамен жарты сағаттан кейін сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамның 13 адамы мен үш техника жұмылдырылды.
Жыл басынан бері облыс аумағында 77 өрт тіркелді, оның 58-і тұрғын үй секторынан шыққан. 11 адам көз жұмды, оның ішінде екі бала бар.