Станислав Черчесов айыппұл төлейтін болды

0
279

Ел құрамасының Ұлттар лигасы аясында өз алаңымызда өткен Словениямен кездесуінен кейін оған ПСЖ жейдесін киген журналист қазақ тілінде сауал қойған еді.


Станислав Черчесов айыппұл төлейтін болды

Фото: видеодан алынған кадр/ ҚФФ

ERNUR.KZ. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов баспасөз мәслихаты кезіндегі әрекеті үшін жаза арқалады, деп жазады inform.kz.

Айта кетсек, ел құрамасының Ұлттар лигасы аясында өз алаңымызда өткен Словениямен кездесуінен кейін оған ПСЖ жейдесін киген журналист қазақ тілінде сауал қойған еді. Бас бапкер сұрақ қойған журналистке «Француз тілінде сұрақ қойып тұрсың ба?» деп айтқан болатын.

Бұл жағдай әлеуметтік желіде көпшілік арасында талқыланды. Бас бапкердің бұл өрескел әрекеті үшін Қазақстан футбол федерациясы тарапынан айыппұл салынды. Айыппұл көлемі – 200 айлық есептік көрсеткіш (738 400 теңге).

Еске салсақ, аталған жағдайға байланысты ҚР Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бейжай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдап, бас бапкердің әрекетіне қатысты Футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап еткен болатын.

«Әлеуметтік желілерде жарияланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тіліне құрмет көрсетпеуіне қатысты видеоға байланысты Қазақстан футбол федерациясы жағдайды түсіндірі өту қажет деп санайды. Жазбада видеоның үзіндісі көрсетілген. Негізі бұл сұрақты Францияның ПСЖ клубының формасын киіп жүрген қазақстандық журналист Бегасыл Сейітқанов баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп жауап қайтарған болатын. Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқанын мәлімдейміз», - деп түсініктеме берді Футбол федерациясының баспасөз қызметі.