Оқиға өткен түні саяжай аумағындағы тұрғын үйлердің бірінде болған.
ERNUR.KZ. Степногорск қаласында «Рассвет» саяжайында тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып бір отбасы түгел опат болды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қыш кірпіштен жасалған 20 шаршы метр аумағы бар үй толығымен жанып кеткен. Тұтанған өрт ауладағы моншаға да көшіп, сегіз шаршы метрлік ағаштан жасалған құрылыс та өртеніп кеткен.
«Өрт сөндірушілерге дабыл берілісімен дереу жетті. Алайда, тұтастай жанған үйдің ішінде қалған адамдарды құтқару мүмкін болмады. Тілсіз жаудың салдарынан 28 шаршы метр аумақ отқа оранған. Өрттің қатты болғаны соншалық, өрт сөндірушілер екі жарым сағат бойы тілсіз жаумен арпалысты. Өрт сөндіру кезінде екінші қабаты қопарылып түсіп, бұл өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтірді. Тек түнгі 3:40 шамасында өрт толықтай сөндірілді. Өкініштісі, сол үйден екі бірдей кішкентай сәбидің мүрдесі табылды. Олардың бірі 7, екіншісі 5 жастағы бала болып шықты. Оқиға орнынан бес адамның мүрдесі табылды. Олар: осы үйдің иесі, ұлы және екі немересі. Өрттен қаза болған тағы бір адамның кім және қайдан келгені белгісіз. Тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір өрттің шығу себептері де анықталу үстінде. Үйде электр энергиясы және пеш болмаған. Бір атап өтерлігі, Степногорск қаласының төтенше жағдай қызметкерлері былтыр күзде осы үйге де профилактикалық шаралар ұйымдастырып, жадынамалар таратқан», - деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаметінің бастығы, Азаматтық қорғаныс полковнигі Алексей Советов.
Өрт сөндіруге үш бірлік техника мен 12 жеке құрам сарбазы жұмылдырылды. Оқиға орнына өртті сынақтан өткізу зертханасының мамандары жіберілді.