Елімізде ажырасу ісін қарау үшін алынатын мемлекеттік баж тым арзан.
ERNUR.KZ. Алматы қалалық сотының судьясы Біржан Кәрібжанов судьялардың еңбекақысын көтеру үшін бажды көтеру керек деп есептейді. Оның айтуынша, елімізде ажырасу ісін қарау үшін алынатын мемлекеттік баж тым арзан болғандықтан, тараптар келісімнен жиі бас тартады, деп жазады inbusiness.kz.
«Мықтылардың сот жүйесіне келгісі жоқ. Неге? Себебі, жауапкершілік көп. Ал әлеуметтік жағынан қорғалуымыз мардымсыз. Сол себептен вакансиялар 10 пайыздан асып тұр. Әрбір бесінші аудандық соттың төрағасы жоқ. Лайықтылар конкурсқа қатыспайды, қызығушылық аз. Бұл проблема да қаржыға келіп тіреледі. Сол себепті сот жүйесіне мемлекеттен бөлінетін қаржының көлемі пайыздық деңгейде бекітіліуге тиіс деп ойлаймын. Әрине, экономиканың жағдайын жақсы түсінеміз. Меніңше, аталған мәселені бюджетке салмақ түсірмей шешудің тиімді жолы – мемлекеттік бажды көтеру. Мысалы, сот арқылы ажырасудың құны – бар-жоғы 830 теңге. Өзбекстанда бұл сома 25 есе, ал Молдовада 120 есе көп. Баж төмен болғандықтан мыңдаған адам келісімге келмейді. Бірден соттасуды қалайды. Баждың мөлшері тоқсаныншы жылдан бері мүлдем өзгермеген. Істердің 84 пайызы бойынша баж құны 5000 теңгеге де жетпейді. Тіпті, 15-20 теңге тұратын даулар бар. Әрине, айтып отырған ұсынысым әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға қатысты емес. Оларды баждан мелекетіміз міндетті түрде босату қажет. Осы және басқа да жолдармен қаржыландыруды көбейтсек, сот жүйесін қатысты біраз мәселе шешімін табар еді, – деді судья.