Өрт сөндірушілер есікті бұзып, пәтерден 6, 4, 2 жастағы балаларды және 5 айлық сәбиді алып шыққан.
ERNUR.KZ. Семей қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік аға инспекторы төрт баланы өрттен құтқарды, деп жазады sputnik.kz.
Оқиға 28 қазанда Қарағайлы тұрғын ауданындағы пәтерлердің бірінде болған. Розетканың қысқа тұйықталуы орын алып, тұрғын үй түтінге көмілген. Онда көп балалы отбасы тұрып жатқан. Өрт кезінде жас балалардың жанында ересектер болмаған.
Сағат 16.30 осы үйге қызмет бабымен келген аға учаскелік инспектор Динара Қабышева түтін иісін сезіп, 3 қабатқа көтерілгенде балалардың жылап, көмекке шақырған дауыстарын естіген.
Полиция қызметкері балаларға қауіп-қатердің төніп тұрғанын түсініп, дереу өртке қарсы қызметке қоңырау шалып, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасын шақырған.
Өрт сөндірушілер пәтерден 6, 4, 2 жастағы балаларды және 5 айлық сәбиді алып шыққан. Олар зардап шеккен жоқ.
"Электр сымдарының қысқа тұйықталуы орын алды. Балаларды ата-анасы сыртынан жауып кеткен. Мен бірден өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем шақырдым", - деді Динара Ғибадоллақызы.
Көпбалалы ана полицейлерге балаларын құтқарғаны үшін алғысын жаудыртты.