Жас жігітті жасыл бояумен жуынуға мәжбүрлеп, мазақ қылғандар анықталды.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жол ақысын төлемеген клиентті жасыл бояумен жуынуға мәжбүрлеген жүргізушілерді жауапқа тартты, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі СҚО ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетсек, әлеуметтік желіде бірнеше адамның белгісіз жігітті жасыл дәрімен жуынуға мәжбүрлеп, балағаттап жатқаны түсірілген видео пайда болды. Содан кейін СҚО-ның полиция бөлімінің қызметкерлері бұл видеоны зерттеп, оқиғаға қатысушыларды анықтады.
Осылайша, 8 қаңтардан 9 қаңтарға қараған түні жас жігітті жасыл бояумен жуынуға мәжбүрлеп, мазақ қылғандар анықталды. Сөйтсе, 1992 жылы туылған Бескөл аудан орталығы тұрғыны қалалық таксопарктердің бірінде мобильді қосымша арқылы такси қызметін көрсетіп жүріп, клиентті үйіне апарған екен. Дегенмен, клиент DAEWOO Nexia автокөлігіне ақы төлеуден бас тартқан соң, жеке тасымалдаумен айналысатын жүргізуші басқа жүргізушілердің көзінше 29 жастағы азаматты жазыл дәрімен жуынуға мәжбүрлеген.
Енді осы факті бойынша, такси жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-ші «Ұсақ бұзақылық» бабының 1-тармағы бойынша құжат жиналды. Ал басқа жүргізушілерге де қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 463-ші «Тиісті тіркеуден өтпей кәсіпкерлік қызметпен айналысу» бабының 1-бөлімі бойынша құжат жиналды.
Осындай жағдайлардың орын алуына байланысты, полиция қызметкерлері жеке тасымалдаумен айналысатын барлық тұлғаларды клиенттермен төлемге қатысты болған мәселелерді тек заңнамада белгіленген тәртіпте шешу қажеттілігі туралы ескертеді.