Талдықорғанда оқушылар мінген мектеп автобусы екі жеңіл көлікпен соқтығысты

0
605

​Облыстық балалар ауруханасына түрлі жарақатпен бес бала жатқызылды, олардың ең кішісі сегіз жаста.


Талдықорғанда оқушылар мінген мектеп автобусы екі жеңіл көлікпен соқтығысты

ERNUR.KZ. Талдықорғанда мектеп автобусы екі автокөлікпен соқтығысты. Зардап шеккендер арасында бес бала мен үш ересек бар, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Жол апатының видеосы әлеуметтік желілерде жарияланды. Анықталғандай, бір топ оқушыны тасымалдаған ISUZU автобусы Audi және Mazda көліктерімен соқтығысқан. Оқиға орнынан жедел жәрдем мен полиция машиналары көрінеді.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты, алдын ала болжам бойынша, 60 жастағы автобус жүргізушісінің кінәсінен болған.

"Автобус жүргізушісі бұрылыста Ескелді ауданының 25 жастағы тұрғыны жүргізген Audi-ге жол бермеген. Audi-мен соқтығысқаннан кейін инерциямен қиылыста тұрған Mazda-ға соғылған", - деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиға орнынан облыстық балалар ауруханасына 8 бен 16 жас аралығындағы бес оқушы жеткізілді. Сондай-ақ көпбейінді қалалық ауруханаға Audi жүргізушісі мен оның жолаушылары – 56 жастағы талдықорғандық әйел мен 23 жастағы алматылық қыз жатқызылды.

Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-тармағы бойынша (Абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан, автомобильдi басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бұл бап бойынша белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға айыра отырып, айыппұл, түзеу жұмыстары не қырық тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.