Алаяқтық жасады деп айыпталған ЖОО деканы ұшты-күйлі жоғалып кеткен болатын.
ERNUR.KZ. Жамбыл облыстық полиция департаменті Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің бұрынғы деканы ұсталғанын растады, деп жазады Sputnik.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қашқын деканды ұстауға тапсырма берген болатын. 7 шілде күні өткен Nur Otan партиясындағы қоғамдық қабылдау кезінде астаналық Гүлзина Мұсаева арызданды. Ол министрдің алдына келгенде Тұрғымбаев қолындағы қағазға қарап отырып: "Ақтаев бойынша ма? Сонда мына ақшаны карточкамен төледіңіз бе?", - деп сұрады. "Иә, карточкаға, университетке емес, өз атына төлеп отырдық", - деді Мұсаева.
Осыдан кейін министр декан Ақтаевтың неге ұсталмай жатқанын сұрады. Жамбыл облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Үдергеновтың айтуынша, қылмыстық іс қозғалған. Деканның мекенжайы бойынша тексергенде үйінде жоқ болып шығыпты. Ал ұялы телефоны Алматы облысында жүргенін көрсетіп тұр екен. Сол кезде Тұрғымбаев алаяқ деканды екі күн ішінде құрықтауды тапсырды.
"Екі күннің ішінде маған оны тауып беріңдер. Сіздерде барлық техникалық мүмкіндік бар. Ол құжатсыз жүрген киллер емес қой. Азаматтық тұлға, бұрын сотталмаған. Ресми жұмыс істейді. Ондай адамды табу қиын емес. Екі күн беремін. Табыңдар да, ақшаны кімге және қалай аударғанын анықтаңдар. Ол ақшаны иемденіп кетсе, алаяқтық бойынша іс қозғаңдар да, жазаға тартыңдар", - деді ол.
Sputnik Қазақстан тілшісі зардап шеккен Гүлзина Мұсаеваның өзіне хабарласып, мәселенің мән-жайын білді. Оның айтуынша, декан Еркін Ақтаев мүгедек әке-шешесіне қарап жүрген студент қызға оқуды бітіруге көмектесемін деп уәде берген. Сол үшін ақша алған. Бірақ сөзінде тұрмады.
"Менің жолдасым алты жыл бойы төсек тартып жатты. Биыл наурыз айында қайтыс болды. Мен өзім II топтағы мүгедекпін. 2017 жылы Таразға бардым. Ол кезде Еркін Ақтаев Тараз инновациялық гуманитарлық университетінде декан болып істеген. Мен қолымдағы құжаттарды көрсетіп, жағдайымды түсіндірдім. Сөйтіп, қызымның оқуын бітіруге көмектесуді сұрадым. Әкесіне де, маған да қарап жүргенін айттым", - дейді Мұсаева.
Декан көмектесуге сөз берді. Ол үшін өзінің банк карточкасына ақша аударып тұру қажеттігін айтқан екен.
"Біз екі жылдан бері 1 миллион 500 мың теңге салып бердік. Сөйтіп, диплом да, ақша да жоқ. Менде барлық түбіртектер бар. Өзіне звондасам, күнде ертең беремін деп, алдап отырады. Содан полицияға барып, арыз жаздым", - деді Мұсаева.
Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің мәліметіне сәйкес, декан Еркін Ақтаев ол жерде жұмыс істемейді.
"Еркін Ақтаев өз еркімен басқа жұмыс орнына ауысуына байланысты 2018 жылдың 19 ақпанынан бастап жұмыстан шықты. Қазіргі кезде университетпен байланыста емес және тұрғылықты мекен-жайы белгісіз", - делінген университеттің жауабында.
Экс-декан қалай ұсталды. Жамбыл облыстық полиция департменті экс-декан Ақтаевтың алаяқтық әрекет жасағанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, студент қыздың ата-анасы екі жылдың ішінде заң факультетінің деканына 640 000 теңге аударған. Ақтаев өз кезегінде студент қызды сабақтан босатуға уәде берді. Алайда оқу жылы аяқталғанда қыздың дипломы жоқ болып шықты. Сол кезде деканның алаяқтығы әшкереленді.
Департаменттің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлованың айтуынша, алаяқ Ақтаев ұсталды. Ол өз кінәсін мойындап, ақшаны қайтарып беруге сөз берді.
"Шұғыл шаралар барысында полиция қызметкерлері алаяқты Алматы қаласында ұстады. Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Ақтаев өз кінәсін толығымен мойындады және ақшаны қайтаруға қолхат жазып берді", - деді Мұхтарқұлова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Ал Гүлзина Мұсаева экс-деканның хабарласқанын жеткізді.
"Иә, ол маған өзі звондады. Таразда кездесейік деді. Сол жерде ақшамды қайтарып бермекші", - дейді Мұсаева.