Жауаптылар құжаттаманың жаппай электронды түрге көшуі кезінде қателіктер кетуі мүмкін деген болжам айтып отыр.
ERNUR.KZ. Таразда тірі адамды өлді деп тіркеп тастаған. Қазір ол жеке басын куәландыратын құжатында да ала алмай, не дәрігерге көріне алмай жүр, деп хабарлайды Астана арнасы.
55 жастағы Марат Мейірханұлы жеке куәлікке жарымай жүргеніне тоғыз жылдан асқан. Ол 2010 жылы мерзімі өткен құжатын ауыстыруға барған. Бірақ сол кезде куәлікті дер кезінде ауыстырмағаны үшін салынған айыппұлды төлеуге ақшасы болмапты. Оның үстіне тұрғылықты мекен-жайда тіркеуде жоқтығыда кедергі болған. Кейін қайта қайырылғанда, күтпеген жағдайға тап болған.
Барсам өліп қалғансың дейді. Сомен өліп қалғанда қалай өліп қалғам, мен тірі адаммын ғой. Дәлелдейтін әкем де ағам да бар. Бірақ та білмеймін, компьютерде 2012 де өліп қалды деп мені шығараған. Астанада балам бар да, сол жаққа шықырып еді, шыға алмай отырмын еш жаққа. Қазір больницаға жатайын десем, больницаға да жатқызбай жатыр, - дейді дейді Марат Құрманәлиев.
Құрманалиев құжатының жоқтығынан, шын мәнінде "тірі-өлік" болдым деп отыр. Сан жылдар бойы біреудің малын бағып, біреудің құрылысына жалданып жұмыс істеген. Сондықтан құжатқа да аса мән бермегенін жасырмады. Жергілікті көші қон полициясы мен халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары тірі адамды еш құжатсыз өлгендердің тізіміне қалай қосқандарын түсіндіріп бере алмады.
Өлді санатына көшуін әлі алдағы уақытта тексереміз. Нақты анықтаймыз. Қазіргі дәл осындай жағдайда болды деп мен сіздерге қазір айта алмаймын. Қазіргі таңда бұл кісі бізге арыздануы керек, жазбаша түрде. Жазбаша түрде арыз түскеннен бастап, біз тексеру жұмыстарын жүргіземіз, - деп түсіндірді қалалық полиция бөлімі көші-қон қызметі бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы Арай Айымбек.
Жауаптылар 2011 жылы құжаттаманың жаппай электронды түрге көшуі кезінде қателіктер кетуі мүмкін деген болжам айтып отыр. Ал құжат жүзінде бақилық болуы өзінен де бар дейді.