Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында биылғы 9 айда ішкі істер органдары атқарған жұмыстың қорытындылары және Президент тапсырмаларын орындау барысы қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Шараға ІІМ қызметі мен полицияның аумақтық департаменттерінің басшылары және еліміздің барлық аймақтарының учаскелік инспекторлары қатысты.
Мемлекет басшысы жиынға дейін ішкі істер органдарына қарасты арнайы техникаларды қарап шығып, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметімен танысты.
Мемлекет басшысы кадр саясатына баса мән берді. Ол полиция қызметін жаңғырту жөніндегі жол картасы аясында ведомстволық оқыту мекемелері қайта ұйымдастырылып, қызметкерлерді іріктеу жұмысы жетілдірілгенін атап өтті.
– Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер саласы қызметкерлерінің еңбекақысы төмен екенін айтты. Бұл көптен бері қордаланған мәселелерді бірі. Осыған орай ол Үкіметке 3 жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбекақысын 30 пайызға көтеру туралы тапсырма берді.
Президент барлық мемлекеттік басқару жүйесіне үлкен сынақ болған COVID-19 пандемиясы кезінде полиция қызметкерлерінің ерекше еңбегін атап өтті.