Төтенше жағдай режимін бұзғандарға қандай жаза қолданылады

0
679

Төтенше жағдай жарияланған жердегі билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбағандар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Төтенше жағдай режимін бұзғандарға қандай жаза қолданылады

ERNUR.KZ. Төтенше жағдай режимін бұзған азаматтарға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе он бес тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов Алматыда өткен брифингте айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Төтенше жағдай режимін бұзу немесе төтенше жағдайдың жариялануына байланысты талаптарды орындамау он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға әкеледі", - деді Таймерденов.
Сонымен қатар төтенше жағдай жарияланған жердегі билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбағандарға екі мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.
"Немесе түзеу жұмыстары қолданылады, болмаса 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Сонымен қатар екі жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе сол мерзімге дейін бас бостандығынан айырылады", - деді полиция бастығы.
"Еліміздің аумағында мемлекет басшысының өкімімен төтенше жағдай жарияланды. Осы орайда қала гарнизонының жеке құрамы қызмет етудің күшейтілген деңгейіне көшті. Полицияның негізгі міндеті қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Басқа да мемлекеттік органдармен біріге отырып, инфекцияға душар болған азаматтармен қатынаста болған тұлғалар іздестіріліп жатыр. Қазір 798 азамат анықталып, олар медициналық мекемелерге жеткізілді", - деді Таймерденов.

Айта кетейік, Алматы қаласында аса маңызды мемлекеттік нысандар мен мекемелер тәулік бойы күзетіледі.

Алматы шекарасынан көліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылады, осыған байланысты қаланың барлық кіреберісіне және 10 магистральға 27 блок-пост қойылады.