Депутаттың айтуынша, 30 жыл ішінде елімізде бір ғана жаңа мұнай кен орны ашылған.
Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев
ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин еліміздің көмірсутек ресурстары қашан сарқылуы мүмкін екеніне болжам жасады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Депутаттың ақпаратына сүйенсек, қазір мемлекет есебінде 348 көмірсутек шикізаты кен орны бар. Ал елдегі мұнай қорының жалпы көлемі 4,3 млрд тоннаны құрайды. Көмірсутек шикізаты қорының 72%-ы – «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» кен орындарының үлесіне тиесілі.
«Алдағы 10-15 жылдан кейін осы үш ірі кәсіпорында мұнай-газ өндіру көлемі төмендейтіні анық. Оған қоса, игерудің кеш сатысындағы кен орындарында мұнай-газ өндіру тіпті азаяды, кейбірі жұмысын тоқтатады. Әріптестер, шындығында сонау академик Сатпаевтың кезеңіндегідей, тәуелсіздіктің соңғы 25 жылында жүйелі, масштабты геологиялық зерттеу-барлау жұмыстары жүргізілген жоқ. Ал қазіргі уақытта қорлардың өсімі сонау Кеңес одағы кезінде ашылған кен орындарын қайта бағалау мен зерттеу есебінен толығып жатыр», - дейді Жаңбыршин Мәжілісте «Мұнай саласының қазіргі жағдайы және оны дамыту перспективалары» туралы өткен үкімет сағатында.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда мұнай қорларының өсімі орта есеппен 73 млн тоннаны құраса, ал өндіру көлемі 80 млн тоннаға жеткен.
«Яғни, мұнай қорының толығуынан өндіруіміз қазірдің өзінде 7 млн тоннаға артық. Бұл мұнай-газ саласындағы зерттеу жұмыстары мен өндірудің арасындағы дисбалансты нақты көрсетіп отыр. Геологиялық барлаудың қазіргі баяу қарқыны мен мұнай өндірудің бүгінгі деңгейі сақталар болса, таяудағы 15 жылда еліміздің көмірсутек ресурстарының қоры таусылатыны анық. Дұрысында мұнай-газ қорымыз өндіруден кемі 1,5 есеге артық болуы тиіс», - дейді мәжілісмен.
Жаңбыршин Қазақстанда көмірсутектердің жаңа кен орындарын ашу үшін қажетті әлеует бар деп есептейді.
«Геологтар елімізде 76 млрд тонна болжамды отын ресурсы бар және түрлі дәрежеде зерттелген 15 шөгінді бассейнді бөліп көрсеткен болатын. Алайда 30 жыл ішінде 2021 жылы бір ғана жаңа мұнай кен орны ашылды. Дегенмен, бізде тауарлық-материалдық қорларды толтырудың, өндірісті ұлғайтудың және жоғары табыс табудың нақты мүмкіндіктері бар. Бірақ қазір бұл мүмкіндіктерді пайдалану мүмкін болмай отыр. Оған себеп – ел экономикасына едәуір үлес қосатын қазба байлығымызды дамыту саласы тұралап, оның мүмкіндіктері шектеліп отыр. Яғни, экономиканың негізін құрайтын геология саласы стратегиялық шешім қабылдай алмайтын, құзыреті шектеулі, бюрократиялық шырмаумен байланған Үкіметтің комитеті деңгейінде ғана жұмыс істеуге мәжбүр», - дейді депутат.