Егер жұмысшылар жұмыс берушімен еңбек шартсыз жұмыс істесе, өкінішке қарай олар ең төменгі жалақыны талап ете алмайды.
ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еліміздегі төтенше жағдай мен карантин кезінде ең төменгі айлық кімдерге төленіп, кімдерге төленбейтінін айтты, деп жазады Елорда Инфо.
«Еліміздегі төтенше жағдай мен карантинге байланысты бірқатар мекеме және ұйым өздерінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Осы жағдайда еліміздің жұмыс берушілері Еңбек кодексінің 112-бабына сүйенуі қажет. Еңбек кодексінің бұл бабына сәйкес, жұмыс осылай мәжбүрлі түрде тоқтаған кезде жұмыс беруші өз жұмысшыларына елімізде белгіленген ең төменгі жалақыдан аз емес мөлшерде еңбекақы төлеуі тиіс. Қазір елімізде төменгі айлық көлемі - 42 мың 500 теңге. Бірақ егер сол жұмысшымен жасалған еңбекшартта немесе ұжымдық шартта жұмыс осылай мәжбүрлі тоқтаған жағдайда еңбекақы одан жоғары мөлшерде қарастырылған болса, сол шарттарда қарастырылған көлемде төленеді», - деді Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Еңбек министрінің айтуынша, егер жұмысшылар жұмыс берушімен еңбек шартсыз жұмыс істесе, өкінішке қарай олар ең төменгі жалақыны талап ете алмайды.