Түрме қызметкері жазасын өтеушіден 1 миллион теңге алған

0
1 270

Ол жазасын өтеп жатқан адамнан 1 миллион теңге алғанын мойындады


Түрме қызметкері жазасын өтеушіден 1 миллион теңге алған

ERNUR.KZ. Ақтөбедегі КА 168/2 түзету мекемесі бастығының орынбасары Н.Рақымжанға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол жазасын өтеп жатқан адамнан 1 миллион теңге алғанын мойындады, деп жазады ҚазАқпарат.

КА-168/2 түзету мекемесі бастығының 32 жастағы орынбасары Н. Рақымжан Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айыпталды. Іс материалына сүйенсек, Н. Рақымжан 2018 жылдың қазанында оңай табыс табу мақсатында қызмет бабын пайдаланып, жазасын өтеушіден 1 миллион теңге сұрады. Ол абақтыда отырған Н. Абылаевқа жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруға уәде етті. Әрі өтінішхатты сотқа жолдайтын мүмкіндігінің барын айтып, алдайды. Алайда сотталушылардың құжатын сотқа жолдау Н. Рақымжанның лауазымдық нұсқаулығына кірмеген және сотталған Н.Абылаевтың құжаттары 2018 жылдың қазан айында мекеменің жасақ бастығымен тиісті түрде тіркелген. Ақшаны алу үшін түрме қызметкері сотталған О.Жанауытты жұмсайды. Іске ҰҚКД араласып, арнайы белгісі бар 1 миллион теңге келісім бойынша О.Жанауыттың інісіне беріледі. Інісі келісім бойынша түрме бастығының орынбасарына 960 мың теңгені жеткізеді. Н. Рақымжан 5 мың теңгені жеткізушіге беріп, 40 мың теңгені кабинетіне жасырды. Кейін Н. Рақымжан ҰҚК қызметкерлерінің КА-168/2 мекемесіне кіргенін біліп, өзінің қасақана алаяқтық қылмыстық құқықбұзушылық іс-әрекетін жасыру мақсатында қолында қалған 915 000 теңгені сотталушы О.Жанауытқа беріп, мекеме аумағына жасыруды тапсырған. ҚР ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша департаментінің қызметкерлері Н. Рақымжаннан 40 000 теңге, дене шынықтыру ғимаратына жасырып қойған 915 000 теңгені тапты. Ақтөбе қаласының №2 соты жазасын өтеуші Н.Абылаевтың бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырды.

«Н. Рақымжан Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша кінәлі деп танылсын. Мемлекеттік мекемелерде, құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырып, жымқырған мүліктің он еселенген мөлшерінде, яғни, 9 600 000 (тоғыз миллион алты жүз мың) теңге көлемінде айыппұл жазасы тағайындалсын. Түпкілікті өтеуге 8 888 120 (сегіз миллион сегіз жүз секен сегіз жүз жиырма) теңге айыппұл жазасы тағайындалсын», - деді судья Е. Әбдіхалықов.