Төрт сағат ішінде тест тапсырушыларды бұрынғыдай бақылаушы емес, бейнебақылау камерасы төбеден тексеріп тұрады.
иллюстрациялық фото
Елімізде жаңа форматтағы ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Емтиханның алғашқы күнінде қазақстандық 8 000 оқушы алғаш рет электронды тест тапсырды. Білім сынағының ерекшелігі – оқушылар қағаздағы дөңгелектерді боямайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
120 тапсырманы оқушылар компьютердің көмегімен орындайды. Төрт сағат ішінде тест тапсырушыларды бұрынғыдай бақылаушы емес, бейнебақылау камерасы төбеден тексеріп тұрады. Кімде-кім тыйым зат әкелсе, оның балы бірден жойылады.
Талапкерлерге емтиханды 51 тестілеу орнында, екі рет тапсыруға мүмкіндік беріледі. Екеуі де тегін және мемлекеттік грантты жеңіп алуға септігін тигізеді. Электронды сынақта түлектер тест нәтижесін бірден біліп, қажет болса 30 минутта апелляцияға өтініш жолдай алады.
Бүгін елордадағы тест орталығында 300-ден астам оқушы білімін сынады.
"Биылғы форматтың бір ерекшелігі – апелляцияға беру бірден тест аяқталғаннан кейін 30 минутта беріледі. Компьютерде қай сұраққа қалай жауап бергенін, қай жерде дұрыс, қай жерде бұрыс екенін өзі көріп, келіспеген жағдайда апелляцияға береді. Апелляция шешімі 30 күннің ішінде шығады. Бірақ барлық нәтиже 5-шілдеге дейін анықталады. Өйткені апелляция нәтижесі конкурста қажет болады" , - дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов.