ҰБТ-ның алғашқы күнінде 160 түлек оқуға түсу мүмкіндігінен айырылды

0
872

Олардың басым көпшілігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тіркелген.


ҰБТ-ның алғашқы күнінде 160 түлек оқуға түсу мүмкіндігінен айырылды

ERNUR.KZ. Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінде 160 талапкер ереже бұзды, деп жазады ҚазАқпарат.


«Қатысушылар металл іздегіштен өтпес бұрын ережелерді ұстану туралы міндеттемелермен танысып, тыйым салынған заттардың жоқтығы туралы құжатқа қол қояды. Тыйым салынған заттарды қолдануға жасалған кез келген әрекет тест нәтижелерін жарамсыз етеді, қатысушы аудиториядан шығарылады және осы жылы ҰБТ-ны қайта тапсыра алмайды. Алғашқы күні тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқан 73 және тест тапсыру барысында ҰБТ ережелерін бұзған 87 талапкер, яғни 160 адам тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Олардың басым көпшілігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тіркелген», - деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.


25 тамызға дейін әр аудиториядан алынған бейнежазбаны мамандар зерделейді. Егер бейнематериалдарды талдау кезінде ережелерді бұзу фактілері анықталса, талапкердің тест нәтижелері жойылады. Егер қатысушыға грант тағайындалған болса, ол қайтарылады.

Айта кетейік, биыл 21 маусым мен 5 шілде аралығында еліміздің барлық өңірінде Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді.

ҰБТ-ның бірінші күні 6 512 адам тестілеуден өтуді жоспарлаған. Бірақ 144 талапкер ҰБТ өткізу пунктеріне келмеді. Тестілеуге кіргізу барысында 2 талапкерде жоғары температура анықталды, олар ҰБТ-ны басқа күні, сауыққан соң тапсыра алады.

Сәйкесінше бүгін 6 206 адам ҰБТ нәтижелерін алады. Қатысушыларға электронды сертификат беріледі.