ҰБТ тапсырудың 2-ші әрекеті кезінде тәртіп бұзушылыққа жол берілсе, түлек грант алу конкурсына қатысу құқығынан айырылады.
ERNUR.KZ. ҰБТ тапсырудың 1-ші әрекеті кезінде тәртіп бұзғандарға екінші мүмкіндік берілмейді. Бұл туралы Алматы қаласы білім басқармасы жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Айтуарова онлайн брифинг барысында айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Ақмарал Айтуарованың айтуынша, биыл ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді, тестілеу процесі шифрлау элементтері бар арнайы бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады, сондықтан интернетке қосылудың басқа да тәсілдері қолданылмайды.
Бұрынғыдай кез-келген гаджетті, ұялы телефондарды, сағаттарды, сымды және сымсыз құлаққаптарды, шпаргалкаларды және калькуляторларды алып жүруге тыйым салынады.
«ҰБТ тапсырудың 1-ші әрекеті кезінде тәртіп бұзылған жағдайда екінші мүмкіндік берілмейді. ҰБТ тапсырудың 2-ші әрекеті кезінде тәртіп бұзушылыққа жол берілсе, түлек грант алу конкурсына қатысу құқығынан айырылады», - дейді Ақмарал Айтуарова.
Сонымен қатар, ол ҰБТ тапсыруға кететін шығының қысқарғанын тілге тиек етті.
«Биыл ҰБТ тапсыруға кететін шығын айтарлықтай қысқарады. Сұрақ кітапшаларын, жауап парақтарын және басқа құжаттарды басып шығарудың қажеті жоқ. Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінде хабарлағандай, биыл ҰБТ-да 600 миллион теңге үнемделеді. Келесі жылдары бұл сома азаяды, өйткені биыл ҰБТ-ны электронды форматқа ауыстыру шығындары болды»,-дейді ол.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында қаланың орта білім беру ұйымдарында 11 337 түлек мектепті бітіреді.