Уланған су мен балаларды емдеуге арналған жаңа хаттама: Желіде тараған хабарлама қаншалықты рас

0
883

ДСМ тек ресми ақпараттарға сенуге шақырды.


Уланған су мен балаларды емдеуге арналған жаңа хаттама: Желіде тараған хабарлама қаншалықты рас

ERNUR.KZ. Бірнеше күннен бері қазақстандықтар бір-біріне ауруханаларда балаларға төсек-орындар дайындалып жатқаны, қауіпті зат шашылып, судың уланғаны туралы хабарлама жіберуде. Денсаулық сақтау министрлігі мен ТКҚСҚБК деректерге пікір білдірді, деп жазады kaz.nur.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесі коронавирустың таралмауын болдырмау үшін құрылған ведомствоаралық комиссияның Telegram желісіндегі ресми парақшасында жарық көрді.

Министрліктің хабарлауынша, судың уланғаны, балаларды емдеу үшін жаңа хаттаманың бекітілгені, арнайы қонақ үйлерде вирусолог дәрігерлерді орналастыру туралы хабарламалар кезекті жалған ақпарат.

Елдегі эпидемиологиялық жағдай, КВИ және пневмония науқастарын емдеу протоколы Денсаулық сақтау министрлігінің ресурстарында қолжетімді. Мәліметтерді кез келген қазақстандық оқи алады. Ведомство барлық қабылданған шешімдерді БАҚ арқылы азаматтарға жеткізеді. Сондықтан ДСМ тек ресми ақпараттарға сенуге шақырды.

Хабарламаны тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті де жоққа шығарды. Ресми ақпарат Сoronavirus2020 Telegram арнасында жарық көрген.

Комитет жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Айта кетейік, бұған дейін Орал тұрғындарының арасында желіде газ шашу және балалар төсек-орындарын қалалық ауруханаларға жаппай жеткізу туралы хабарламалар тарағанын хабарлаған едік.

Кейін бұл ақпаратқа қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдіріп, мәліметтің жалған екенін мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар мессенджерлерде "Атырауда тікұшақпен у шашылды, одан балалар ауырады" деп тараған хабарламада жалған болып шыққан еді.