Үш бөлмелі пәтерге қол жеткізу үшін аға сержант Askeri.baspana.kz порталында конкурстан өткен. Алғашқы жарнаға пәтер құнының 20 пайызын салған. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 8 пайыз.
ERNUR.KZ. Шығыс өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлім қызметкерлері «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша пәтерге қол жеткізуде, деп жазады ҚазАқпарат.
Әскерилерді пәтермен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарлама арқылы Ұлттық ұлан қызметкерлері де баспаналы болуда. Солардың бірі – өскемендік аға сержант Талғат Мергембаев.
«2008 жылдан бері №6699 әскери бөлімінде қызмет етіп келемін. Осында жүріп отау құрдым, қазір үш балам бар. Содан бері пәтерден-пәтерге көшіп келдік. Қоныс ауыстырған сайын балаларды жаңа балабақша мен мектепке ауыстыру керек болды. Әйелім де бір жерде тұрақтап жұмыс істей алмады» - дейді Талғат Мергембаев.
Үш бөлмелі пәтерге қол жеткізу үшін аға сержант Askeri.baspana.kz порталында конкурстан өткен. Алғашқы жарнаға пәтер құнының 20 пайызын салған. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 8 пайыз.
«Жыл аяғына дейін аталмыш бағдарлама арқылы Шығыс өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің 100-ге жуық қызметкері баспаналы болады. Әскерилер Павлодар, Өскемен, Семей Курчатов қалалары мен Ұлан ауданының Қ.Қайсенов кентінде пәтер алуға өтініш өткізіп отыр» - дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, несиелер Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы беріледі. Әскерилер үшін жеңілдетілген несиенің үш түрі қарастырылған. Конкурс кезінде еңбек өтілі және қажетті алғашқы жарнаның бар-жоғы ескеріледі. Әскери қызметшінің несиесі тұрғын үй төлемдері негізінде берілетін қаражат есебінен өтеледі. Қазақстанда шамамен 70 мыңға жуық әскери қызметші баспанаға мұқтаж. Бұл азаматтардың пәтер мәселесі алдағы 5-6 жылдың ішінде шешілетіні күтілуде.
Сондай-ақ айта кетейік, сенаторлармен болған кездесуде ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов баспана төлемдерін есептеу жүйесін өзгертуді ұсынды. Себебі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болу үшін алғашқы жарнаны жинау қажет. Ал өңірлердегі әскери қызметшілерге берілетін тұрғын үй төлемдерінің төмен көлемі бұған мүмкіндік бермейді. Белгілі болғандай, аталған төлемдердің ең төмен деңгейі Жамбыл облысында (18 мың теңге) болса, ал ең жоғары сома - Алматы мен Астанада.
«Осы орайда 18 мың теңгеге жинақ жүргізу қиынға түседі. Мәселені шешу үшін бірқатар ұсынысты қарастырып отырмыз. Бірінші нұсқа бойынша барлық осы төлемдерді жалпы республикалық етуге негізделген, яғни ел бойынша бір деңгейге шығару. Алайда бұл жағдайда Алматы, Астана және еліміздің батыс өңірлеріндегі әскерилерге қиын болады. Оларға арналған төлемдер азайып кетеді, сәйкесінше аталған өңірлердегі әскери қызметшілер де қажетті соманы жинай алмай қалады. Екінші нұсқаға тоқталсақ, оларды екі санатқа бөлу қарастырылды. Бірінші санатқа Алматы, Астана, Ақтау, Атырау әскерилерін, ал екінші санатқа қалған қалаларды енгізу ескерілді. Қазіргі кезде тиісті есеп-қисапты жүргізіп жатырмыз. Бұдан бөлек, үшінші нұсқада жинақ бөлігін ел бойынша орташа деңгейде белгілеп, ал арендалық бөлігін өңірлер бойынша саралау ұсынылды. 26 қазанда осы жұмыстарға кірістік. Оның қорытындысы бойынша барлық мәселені Қаржы министрлігімен келісіп, тиісті ұсынысты енгіземіз», - деді Талғат Жанжүменов.