Ол әуе кемесінің салонында мас күйінде темекі шеккен, балағат сөздер айтқан, тіпті жоғарыда аталған авиакомпания қызметкерлерімен төбелескен.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Елорданың әуежайында көлік полициясы 43 жастағы жолаушыға әкімшілік құқық бұзушылығы үшін айыппұл салды, деп жазады zakon.kz.
"Көлік полициясы қызметкерлері 1977 жылғы азаматты бірден әкімшілік кодекстің үш бабы бойынша: темекі өнімдерін және (немесе) электронды темекіні әуе кемесінде тұтынғаны үшін, алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе мас күйінде қоғамдық орынға шыққаны үшін, ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартып, 55 АЕК мөлшерінде айыппұл салды", - деді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.
Оның айтуынша, 3 қазанда Нұр-Сұлтан әуежайындағы полицияның желілік бөлімінің кезекші бөлімшесіне Скат әуе компаниясының өкілінен Ақтау-Нұр-Сұлтан рейсіндегі жолаушылардың бірі мас болғандығы туралы хабарлама келіп түскен.
"Тексеру барысында полиция 43 жастағы Маңғыстау облысының тұрғынын анықтады, ол әуе кемесінің салонында мас күйінде темекі шеккен, балағат сөздер айтқан, тіпті жоғарыда аталған авиакомпания қызметкерлерімен төбелескен. Ұшақ жерге қонған соң ер адам акті бойынша полицияға тапсырылды", - деді полиция полковнигі.
Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді.