"Вакцина алғаннан кейін есінен танып қалған": желіде медбикенің видеосы қызу талқыланып жатыр

0
1 500

Медбике есін жиған соң бұл жағдайға қатысты түсінік берген.


ERNUR.KZ. COVID-19 вакцинасын алған америкалық медбике баспасөз мәслихаты кезінде есінен танған. Бұл сәт видеоға түсіп қалған. Оны Қазнет қолданушылары қызу талқылап жатыр, деп жазады Tengrinews.kz.

Кейбір адамның пікірінше, бұл коронавирусқа қарсы вакцинаның қауіпті екенін көрсетеді.

Есінен танып қалған медбике Тиффани Довер Теннесси штатындағы Чаттануга госпиталінде жұмыс істейді. Америкалық маман есін жиған соң бұл жағдайға қатысты түсінік берді.

"Менің кезбе жүйкеме қатты әсер етті. Денем ауырған кезде есімнен танып қалуым мүмкін. Соңғы 6 аптада 6 рет есімнен танған шығармын. Бұл мен үшін қалыпты жағдай. Тіпті, оған кебе (заусенец) себеп болуы мүмкін", - дейді ол.

Кейін ол өзін жақсы сезінетінін, екпе салған жері ауырмайтынын айтқан.

Тиффани Довер коронавирусқа қарсы вакцинаны алған жалғыз адам емес. Екпені бірнеше дәрігер салғызған. Чаттануга госпиталінде сол күні 250 қызметкерге вакцина салу жоспарда болған. Вакцинацияның жанама әсері туралы олардың ешқайсысы шағым түсірмеген.

Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы Pfizer/BioNTech компаниялары шығарған вакцинаны тексеріп, оны қауіпсіз деп таныған. Америкалық медбике осы екпені алған.

"Осылайша, вакцинациядан кейін медбике есінен танып қалды деген ақпарат препараттың қауіпті екенін білдірмейді. Желіде тараған ақпарат манипуляция болып саналады. Вакцина алғаннан кейінгі жағдай Тиффани ағзасының ерекшелігімен байланысты. Сонымен қатар, осы күні вакцина алған дәрігерлердің ешқайсы есінен танып көреген", - делінген хабарламада.