Вакцина алмаған оқушылар мектепке кіргізіле ме?

0
622

​Алматы қаласында балалар мен жүкті әйелдерге вакцина салына бастайды. Ал өзге тұрғындар АҚШ екпесін ала алмайды.


Вакцина алмаған оқушылар мектепке кіргізіле ме?

иллюстрациялық фото

Алматыға "Pfizer" вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. Онда препараттың 380 мыңға жуық дозасы бар. Екпені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. Келісімшарт бойынша дәрілік заттың 4 миллионнан астам дозасы келуі керек, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

"Бірыңғай Дистрибьютер қабылдап алынған, яғни түскен дозаларды өңірге басқа вакциналар сияқты жедел түрде бір тәулікте жеткіземіз. Әрбір өңірдің денсаулық сақтау басқармаларына. "Pfizer" компаниясы бізге Қазақстанға арнап арнайы сайт қосты. Ол сайтта осы вакцинаға қатысы барлық вакциналар қосылған", дейді Бірыңғай дистрибьютер "СК Фармация" ЖШС баспасөз хатшысы Айгерім Смаилова.

Мегаполисте вакциналау ертең басталады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы екпе алатындардың тізімін жасап қойған. Алматыда 12-18 жас аралығындағы 30 мыңнан астам баланың ата-анасы вакцина салғызуға келісім беріпті.

"Алматыда 12 жастан 18 жасқа дейінгі 170 мыңнан астам жасөспірім бар. Оның ішінде ата-аналардың 20% -ға жуығы келісті. Вакцина 20 қалалық емханаға жіберіледі, содан кейін дәрігерлер мектептерден мәліметтерді жинайды. Оқушы вакциналаудан бұрын міндетті тексеруден өтеді, екпе алғаннан кейін жарты сағат дәрігер бақылауында болады", - дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева.

Ал вакцина алмаған оқушыларға қандай шектеу қойылады? Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасарының айтуынша, олардың білім алуына еш кедергі жоқ.

"Екпеден бас тартқандар саны күн сайын азайып барады. Оқушылар вакцина салдырмаса да оффлайн білім алады, ешқандай шектеу болмайды" - дейді Алматы қаласы СЭБД басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Балалар арасында екпені бірінші кезекте 16-18 жас аралығындағылар салдырады.12-ден асқан жасөспірімдер содан кейін алады. Жалпы вакцина мектептерде сақталмайды, тек өтініш берген білім ошақтарына ғана жеткізіледі. Бұдан бөлек, 20-дан астам ел жүкті әйелдерге вакцина салуды бастап кеткен.

"Біз келіншектерге жүктіліктің 16-дан 37 аптаға дейін екі компоненттен вакциналауды ұсынамыз. Босанған емізулі әйелдерге 42 күн өткен соң вакциналау ұсынылады. Жүкті әйелдер де екпе алуы керек. Еуропада жүкті әйелдерді вакциналау бойынша көптеген клиникалық зерттеулер жүргізілді және Ресейде зерттеді", - дейді Светлана Сұлтанғазиева.

Екпеден кейін мынадай жағымсыз реакциялар болуы мүмкін. Инъекция орнының қызарып ауруы, әлсіздік, диарея, буындардың қақсауы, жүрек айну. Бұл белгілер көп адамда кездесуі мүмкін. Егер жағдай нашарласа, медициналық көмекке жүгіну керек.

"PFIZER" 60-90 градуста сақталады. Вакцинаның тиімділігі – 95 пайыз. Қос дозаның аралық уақыты – 21-28 күн.

"Pfizer" препаратын салдырғысы келетіндер тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуі тиіс. Сондай-ақ препараттың 2 компонентін 1-компонентті алған жерге барып алуы керек. Екпе ерікті түрде, тек ата-ананың рұқсатымен егіледі.