Вице-министрдің коронавирус жұқтырғаны расталды

0
504

Ол өзіне қойылған диагнозға күмәнмен қарағанын және вирустан қорғану шараларын барынша қолданғанымен қайран болмағанын айтады.


Вице-министрдің коронавирус жұқтырғаны расталды

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің де коронавирус жұқтырғаны белгілі болды, деп жазады Sputnik Қазақстан.


"Бүгін мен тапсырған тест оң нәтиже көрсетті. Өзімді жайсыз сезінудемін. Оқшауланып, емделуім керек. Осыдан үш-төрт күн бұрын ғана мұндай жағдайды бастан өткерген адамдардан өздерін қалай сезінгенін телефон арқылы сұрап едім. Оның жауабын бүгін өз басымнан өткеріп жатырмын. Тура бір екі тәулік бойы вагоннан жүк түсіріп немесе бірнеше гектар картоп отырғызғандай күйдемін", - деп жазды вице-министр.

Әукенов сынама нәтижесін көрмей, өзіне қойылған диагнозға күмәнданғанын да жасырмады. Тіпті, ол вирустан қорғану шараларын барынша қолданғанымен қайран болмағанын да айтады.

"Мен қашықтан жұмыс істеуді жалғастырамын. Үш айға созылған онлайн жұмыс мені әбден шыңдады. Осылай тәрбиелендік. Жұмыс – тек адамды әдемі етіп қана қоймайды, сонымен қатар өзіңізді жақсы ұстауға мүмкіндік береді. Енді осының бәрінен өту маңызды, ең бастысы – өзіңе және жақындарыңа қамқорлық жасау", - деп атап өтті Әукенов.

Айта кетейік, бұған дейін бірнеше депутат пен шенеуніктен коронавирус табылды. Олардың арасында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, депутат Бекболат Тілеухан, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Теміртау әкімі Ғалым Әшімов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов және Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров бар.

18 маусымда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан да коронавирустың анықталғаны белгілі болды.