Ыстықкөл жағасында Түркі елдерінің Президенттері бас қосты

0
1 874

Бүгінгі жиынға арғы бабалары түркі тектес Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан мырзаның қатысып отырғанын ерекше атап өткім келді. (с) Н.Назарбаев.


Ыстықкөл жағасында  Түркі елдерінің Президенттері бас қосты

Қырғызстандағы Шолпан-Ата қаласында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің VI саммиті басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ақпараттық порталы twesco.org сайтына сілтеме жасап.

Саммитті ашқан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға табыс тілеп, Кеңес төрағалығын Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековке тапсырды.

Алтыншы рет өтіп отырған Түркі кеңесінің саммитіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жиээнбеков, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қатысуда. Жоғары лауазымды тұлғалардың көбі Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің басшылары болса, Өзбекстан мен Мажарстаннан келген мәртебелі меймандар Саммит қонағы болып отыр.

Саммит жұмысын ресми түрде ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің көптен күткен саммитінде сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Ең алдымен қырғыз елінің жауһары - Ыстық көлдің жағасында қонақжай көңілмен қарсы алған қырғыз елі мен оның президенті Сооронбай Жээнбековке айрықша алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар, арамызда отырған Өзбекстан президенті Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке қош келдіңіз дейміз. Бүгінгі жиынға арғы бабалары түркі тектес Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан мырзаның қатысып отырғанын ерекше атап өткім келді. Қадірлі қонақтардың бүгінгі басқосуға келуі Түркі кеңесінің аясы кеңейіп, маңызы артқанын көрсетеді. Саммитте қол жеткізген уағдаластық пен шешімдердің арқасында өзара ынтымақтастығымыз бен бауырластық байланыстарымыз одан ары арта түсетініне сенімдімін»,-деді. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес төрағалығын Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековке тапсырды.

Басқосуда сөз алған Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков бірнеше жыл бойы Түркі кеңесіне төрағалық еткен Қазақстанға алғыс білдірді.

«Ең әуелі, Қазақстанға және құрметті Нұрсұлтан Әбішұлына Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінде сәтті төрағалық еткені үшін ерекше алғысымды айтқым келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстан Түркі кеңесінің абыройын асқақтатып, мүше-мемлекеттер арасындағы маңызды келісімдерді жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Қазақстан тарапының атқарған жұмысына алғысымыз зор»,-деді Қырғызстан Президенті.

Сонымен бірге, С.Жээнбеков биылғы Саммиттің өзгеше форматта өтіп жатқанын атап өтті. Басқосуға Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзиеев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның келуі Кеңестің ауқымы кеңейе түскенін байқатып отырғанын айтты.

«Өзбекстан Республикасының Түркі кеңесіне мүше ретінде кіруге талпынысын жоғары бағалаймын әрі қолдаймын. Бұл қадам Түркі кеңесінің ауқымы кеңейіп, халықаралық аренада абыройы артуына қолайлы жағдай жасайды. Өзбекстанның қосылуы ұйымға жаңа серпін беріп, көптеген жаңартуға сеп болады деп сенемін. Еуропаның ортасында орналасқан Венгрияның шыққан түбі түркілікті ұмытпай, тамырлас елдерен достық қарым-қатынасты сақтап, мәдениеті мен әдет-ғұрпына құрмет білдіруі бізді қуантады. Бүгін Венгрия Түркі кеңесіне бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие болады»,-деді С.Жээнбеков.

Сонымен бірге, Қырғызстан Президенті Түркіменстан мемлекетіне Түркі кеңесінің есігі әрдайым ашық екенін мәлімдеді.

Естеріңізге салар болсақ, Түркі кеңесің 2009 жылы 3 қазанда Әзербайжанның Нахчиван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен құрылған болатын. Кеңеске Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркия кіреді. Кеңестің алғашқы саммиті 2011 жылы Алматыда өтсе, екінші саммит Бішкекте, үшінші саммит Габала (Әзербайжанда), тқртінші саммит Бодурмда (Түркия), бесінші саммит Астанада өткен болатын. Түркі кеңесіне TURKSOY, Түркітілдес елдердің Парламенттің Ассамблеясы (TÚRKPA), Түркі академиясы xалықаралық ұйымы (TWESCO) және «Мирас» Түркі мәдениеті қоры қарайды.