Мемлекеттен және жинақтаушы қорынан зейнетақы алып жүрген адамдар сол жинақтаушы қорында қалған қаражатының 50%-ына дейін алуға құқылы.
ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР eңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтты, деп жазады baq.kz.
"Ел Президенті биылғы Жолдауында әлеуметтік салаға қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Соның ішінде халықтың басым көпшілігі қызығушылық танытқан – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан азаматтар жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй мәселесін шешуге, емделуге және басқа зейнеттік активтерін басқару компанияларға инвестиция салу үшін аудару мүмкіндігі. Біріншіден, мұндай мүмкіндікке қорда жинағы бар, еңбекке қабілетті азаматтар ие болады. Олар өздерінің жеткілікті шегінен асатын қаражатты толығымен жоғарыда айтылған мақсаттарға пайдала алады. Бұл жердегі маңызды мәселе – жеткілікті шек не үшін белгіленеді деген сұрақ болып отыр. Елімізде 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген. Жұмыс істеп жүрген әр азамат жалақысының 10%-ын сол қорға аударып келеді. Бүгінде зейнетке жеткен азамат үшін зейнетақыны алудың үш көзі қалыптасқан. Ол – мемлекеттік бюджет есебінен жасына сай берілетін зейнетақы, базалық зейнетақылық төлем және жинақтаушы зейнетақы қорынан өз жинақтары есебінен берілетін зейнетақысы. Бұл реформа 1998 жылдан басталғанын ескере келе, жылдар өте жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын зейнетақының салмағы да өседі. Болжам бойынша, 2040 жылдан кейін біздің зейнет жасына жеткен азаматтарымыз үшін жинақтаушы қордан алатын зейнетақысы негізгі көзі болады", - деді ол.
Министр жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізгі мақсаты – азаматтардың зейнетке шыққанға дейін қаражат жинауына көмектесу екенін еске салды. Осыған байланысты болашақта зейнетақыға жететін қаражат әр адамның сол қордағы есепшотында қалуы тиіс. Оның айтуынша, қажеттілік шегі осы мақсатта белгіленеді.
Қажеттілік шегін есептеу тәртібі үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілетін болады. Оның әр жасқа қатысты мөлшері бұған дейін жарияланды. Бұл жерде инвестициялық кірістің қалай болатыны, ең төменгі жалақы мөлшерінің өзгеруі, ең төменгі зейнетақы мөлшерінің өзгеруі де ескеріледі. Сол себепті бұл қажеттілік шегі әр жас үшін жыл сайын есептеліп жарияланып тұрады. Мысалы, ең төменгі жалақы немесе инвестициялық кіріс өсіп жатса, қажеттілік шегі төмендеуі мүмкін, - деді ол.
Біржан Нұрымбетов бұл мүмкіндікті зейнет жасына жеткен адамдар да пайдалана алатынын айтты. Оның мәлімдеуінше, мемлекеттен және жинақтаушы қорынан зейнетақы алып жүрген адамдар сол жинақтаушы қорында қалған қаражатының 50%-ына дейін алуға құқылы.