Зейнетақы жинағын пайдалану бойынша жас шегін бекіту ұсынылды

0
674

Министр Қазақстанның зейнетақы жүйесіне сингапур тәжірибесін енгізу мүмкіндігіне қатысты пікірін де білдірді.


Зейнетақы жинағын пайдалану бойынша жас шегін бекіту ұсынылды

ERNUR.KZ. Елімізде зейнетақы жинағын пайдалану бойынша жас шегін бекіту ұсынылды. Бұл туралы Парламент Сенатында өтіп жатқан дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әр жасқа өзінің тиісті қажетті сомасы болады. Осыдан асқанын алуға болады деп жатырмыз. Мысалы, 30 жастағы ер азаматқа қажетті зейнетақы сомасы – 6,7 млн теңгені құрайды. Себебі, оның 33 жылдай әлі де зейнетке жеткенше жинауға мүмкіндігі бар. Елу жастағы ер адамға 7,2 млн теңге. Ал енді зейнет жасына жеткен ер азаматқа 8,2 млн теңге», - деді Біржан Нұрымбетов Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстел барысында.

Министр Қазақстанның зейнетақы жүйесіне сингапур тәжірибесін енгізу мүмкіндігіне қатысты пікірін де білдірді.

«БАҚ-та зейнетақы жинақ жүйесінің сингапурлық моделі туралы көп жазылғанын білеміз. Өз басым сингапур тәжірибесін әлемдегі ең үздіктердің бірі деп санаймын. Қазіргі таңда Сингапурда зейнетақы жарналары үш шот бойынша бөлінеді: негізгі, арнайы және медициналық шот. Сингапур азаматы 55 жасқа келген кезде негізгі және арнайы шоттары зейнетақылық шот боп біріктіріледі де, жарна ставкасы жасына байланысты өзгереді. Бұл ретте бір жайтты айта кеткім келеді: жұмыс тобында осы мәселені талқылаған кезде Қазақстанның зейнетақы жүйесіне сингупарлық модельді енгізу – едәуір проблема туғызатынына байланысты ортақ пайымға келдік», - деді ол.

Біржан Нұрымбетов неліктен олай екенін детүсіндірді.

«Біріншіден, екі елде ставкалар әртүрлі. Мәселен, Сингапурда зейнетақы ставкасы 37 пайыздан аударылса, бізде – 10 пайыз. Сингапурда 55 жасқа дейін жұмысшы 20 пайызын, жұмыс беруші 17 пайызын аударып отырады. Кейін ставкалар өзгереді. Қазақстанда жұмысшы зейнетақы қорына 10 пайызын аударады. Ал жұмыс беруші ештеңе аудармайды. Екіншіден, Сингапурда орташа жалақы - 42,7 мың доллар. Яғни, ол жақта айына 3,5 мың доллар зейнетақы қорына аударылады. Бізде орташа жалақы – 180 мың теңге. 10 пайызды аударсақ, 18 мың теңге аударып отырамыз», - деді министр.