Заң жобасын қабылдаудың арқасында пандемияға байланысты шектеу шараларынан зардап шеккен салаларды дамытуға, сондай-ақ, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ERNUR.KZ. Парламент мәжілісі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады sputnik.kz.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, құжат біраз мәселені қамтиды. Осыған байланысты 31 заңнамалық актіге, соның ішінде 14 кодекс пен 67 заңға өзгерістер мен түзетулер енгізіледі. Заң жобасында зейнетақы жинағын пайдалану тетіктері де бар.
"Әлеуметтік саясат бойынша азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделу ақысын төлеуге немесе жеке қаржы компанияларының басқаруына беру мақсатында пайдалану үшін түзетулер көзделген", - деді Дәленов мәжілістің жалпы отырсында.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасын қабылдаудың арқасында пандемияға байланысты шектеу шараларынан зардап шеккен салаларды дамытуға, сондай-ақ, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін заң жобасы арнайы жұмыс тобында жан-жақты қаралған болатын. Оған қатысты 200-ден астам түзету түскен. Бұның барлығы жұмыс тобының отырыстарында қаралды. Депутаттар заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Енді, құжат тағы екінші оқылымда қаралады. Осыдан кейін сенатқа жіберіледі.
Айта кетейік, мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов өзінің әлеуметтік парақшасында осы заң жобасы қарашаның аяғына дейін сенатқа жіберілетінін жазған.