Зейнетақыны қалай есептеу керек - БЖЗҚ зейнетақы калькуляторын жаңартты

0
1 343

Болжамды зейнетақы калькуляторы БЖЗҚ-ның әрбір салымшысына өзінің болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшерін анықтауға көмектеседі.


Зейнетақыны қалай есептеу керек - БЖЗҚ зейнетақы калькуляторын жаңартты

ERNUR.KZ. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары қор сайтындағы ең танымал сервистердің бірін жаңартты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Болжамды зейнетақы калькуляторы БЖЗҚ-ның әрбір салымшысына өзінің болашақ зейнетақы төлемдерінің мөлшерін анықтауға көмектеседі. Бұл ретте ол мемлекеттік базалық зейнетақы мен жасына байланысты ортақ зейнетақыны және БЖЗҚ төлемдерін қатар көрсетеді. Одан басқа міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша ашылған шоттардағы қаражатты қосып, жалпы сомасын шығарады»,- делінген Қор хабарламасында.

Есептеу қорытындысы: пессимистік, реалистік және оптимистік сценарий бойынша шығарылады. Барлық үш нұсқада инфляцияның күтілетін деңгейі мен табыстылық есепке алынады.

Атап өту керек, калькулятордың жаңа нұсқасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен ерікті зейнетақы жарналары бойынша төлемдер қосылды. Бұрын олар жоқ болатын. Бұл ретте ерікті зейнетақы жарналарын табыстың белгілі бір пайызы ретінде емес, нақты сомасы бойынша көрсетуге болады.

Зейнетақының болжамды мөлшерін есептеу үшін тиісті бағандарға туған күнді, жынысты, еңбек өтілін, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу уақытын, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасын және жалақыны енгізсеңіз болғаны.

Егер Сіз зейнетақы калькуляторын Қордың enpf.kz сайтының Жеке кабинеті арқылы ашатын болсаңыз, жинақтардың сомасы автоматты түрде енгізіледі.

Қор мамандары калькуляторды анағұрлым ыңғайлы ете отырып, көрнекі сызбасын жаңартты. Енді жаңартылған зейнетақы калькуляторындағы қорытынды нәтижелер көрнекі сызба мен төлемдер кестесінің көмегімен көрсетіледі. Барлық болжамды нәтижелер тиісті кезеңдегі инфляцияны шегере отырып, нақты құндық шамада көрсетіледі.

Зейнетақы калькуляторын пайдалану өте оңай. Алайда егер қандай да бір қиындықтар немесе сұрақтар туындаса, enpf.kz сайтында арнайы жадынамамен танысуға болады. Онда калькуляторды пайдаланудың нақты нұсқаулығы көрсетілген.