Зейнеткерлер қандай жағдайда 42 500 теңге алады?

0
1 032

Төтенше жағдайға дейін қосымша жұмыс істеген зейнеткерлер 42 500 теңгеге өтініш бере алады.


Зейнеткерлер қандай жағдайда 42 500 теңге алады?

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнеткерлерге 42 500 теңге қай жағдайда төленетінін түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz.

«Егер де зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақы алып жүргендер, көпбалалы немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса немесе төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиынтық төлем аударса, қазір ол табысын жоғалтса, біз оны ескереміз. Иә, зейнетақы мен жәрдемақы жетпегендіктен, қосымша табыс тауып жүрген шығарсыз. Сіздерге 42 500 теңге төленеді. Ол үшін өтініш бересіздер. Ештеңе қосымша төлемеңіздер. Төтенше жағдайға дейін төлеп қойған болсаңыз, біз оны көреміз. Жасыңызға қарамай, жәрдемақы алып жатқаныңызға қарамай, төтенше жағдайға жұмыс істеп жүргеніңіз расталып тұрғандықтан, сіздерге төлем береміз. Ал енді ресми төтенше жағдайға дейін жұмыс істемеген болсаңыз, ресми жұмыс істегендей болайын деп, БЖТ аударып әуре болмай-ақ қойыңыздар», – деген министр АӘК алатын азаматтарға мұндай талап қойылмайтынын атап өтті.

«Айрықша атап өтетін жайт. Атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған, табысы төмен кісілерге төленеді. Сондықтан АӘК алып жүрген азаматтар, ресми болсын, бейресми болсын жұмыс істеп жүріп, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылдым деп есептесе, өтініш бере алады. Егер бейресми жұмыс істеген болсаңыздар, БЖТ төлеу қажет. Яғни АӘК алушылар тексерілмейді, оларға кедергі жоқ», – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, 42 500 теңге төлеуде «студенттер» деген арнайы санат жоқ. Сондықтан төтенше жағдайға дейін жұмыс істеп, кәсіппен айналысқан студенттер табысынан айырылған жағдайда, өтініш бере алады.