Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі киік популяциясына қатысты мәселені ғылым және салалық қауымдастық мамандарымен талқылады.
ERNUR.KZ. Бұл туралы ведомство басшысы Серікқали Брекешев Үкімет отырысында айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Еліміздегі киіктердің популяциясы бағытындағы экожүйеге кешенді баға беру үшін ауқымды ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұл тиімді мониторинг пен осы ресурсты тұрақты басқаруға мүмкіндік береді.
«Биыл Зоология институты Ғылым және жоғары білім министрлігіне 2022-2024 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында зерттеулер жүргізу үшін өтінім берген еді. Өкінішке қарай, бұл жоба қабылданбады. Осыған байланысты, Ғылым және жоғары білім, Қаржы министрліктері Үкіметтен осы зерттеулерді қаржыландыруды биылдан бастап қарастыру мүмкіндігін сұрайды», - деді Серікқали Брекешев.
Өз баяндамасында министр зерттеулердің қорытындысы дайын болғанға дейін шаруалардың егістік жерлеріне жабайы жануарлар зиян келтіргені үшін, оның ішінде залалды есептеу әдістемесін және қаржыландыру тетігін әзірлеу бойынша өтемақы мәселесін қарау қажеттігін айтты.
Сонымен қатар Брекешев «ӨКМ операторының» қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен кредиттеу мәселесі Индустрия және ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп атқарылып жатқанын атап өтті.