Жайықтағы балықтың қырылуына кім себепкер болғаны анықталды

0
2 273

Жайықта шамамен 120 тонна, ал Перетаскта 2 тоннаға жуық балық қырылған.


Жайықтағы балықтың қырылуына кім себепкер болғаны анықталды

ERNUR.KZ. Атырауда Жайық пен Перетаск өзендерінде балықтың жаппай қырылуына кім кінәлі екені анықталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бірінші қылмыстық іс бойынша Атырау Жылу электр стансасы кінәсін мойындап, шығындарды толық өтеді. Сол себептен қылмыстық іс жабылды. Екінші іс бойынша жауапқа тартылған "Атырау су арнасының" басшыларының істері қазір прокуратура қарауында», -деді Атырау облыстық ПД-нің балық қорларын қорғау бөлімінің бастығы Серік Жанұзақов.

Балықтардың жаппай қырылуы өткен жылдың желтоқсанында орын алған болатын. Жайықта шамамен 120 тонна, ал Перетаскта 2 тоннаға жуық балық қырылған еді. Атырау ЖЭС мемлекетке барлық шығынды өтеді.

"Тергеу жұмыстары аяқталды. Балықты хлор улағаны анықталды. Іс сотқа жіберіледі. Тергеуді ІІМ арнайы тобы жүргізді. Сот Атырау қаласында өтеді", - деді бөлім басшысы.

Айта кетейік, осы аптада жұмыс сапарымен Атырау облысына барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орал өзеніндегі балықтардың қырылуына қатысты мәселесі қозғап, сондай-ақ бұл мәселені жеке бақылауға алатынын да айтып өткен болатын.