Қарияның сөздері қазір әлеуметтік желіде көп қолдауға ие болған.
ERNUR.KZ. Жексенбі күні, яғни 9 ақпанда Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына барды. Құрамына орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, ҚХА өкілдері кірген Үкімет комиссиясының басшысы ретінде ол Сортөбе және Масаншы ауылдарында болып, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты, деп жазады Skifnews.kz.
Сонымен қатар, вице-премьер қақтығыс кезінде зардап шеккен тұрғын үйлерді, әлеуметтік және коммерциялық нысандарды аралап көрді. Ол бастаған Үкімет комиссиясының мүшелері жерлеу рәсімдеріне де қатысты. Ал Сортөбе, Масаншы, Ауқатты және Қаракемер ауылдарының тұрғындарымен кездесу барысында, жұрт одан ұсталған азаматтардың тағдыры не болатынын сұрады.
«Заңға қайшы әрекет жасамағандар босатылады. Тәртіпсіздікке қатысқандардың барлығы заң бойынша жауап береді. Қазір жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, ол барлық жағдайды анықтайды», - деді вице-премьер.
Үкімет комиссиясы Қордай ауданында жұмысын жалғастырып жатыр. Кездесуге Сенат вице-спикері Бектас Бекназаров, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл да қатысты. Сол сәтте, ауданның бір ақсақалы алға суырылып шығып, астанадан ат арытып барған өкімет өкілдеріне біраз өкпе-реніштерін жеткізді. Видеоға түсіріп алынған сол сөздері қазір әлеуметтік желіде көп қолдауға ие болған.
«Тамырына құрт түсіп, қурай бастаса, оны бір-бір бұтағын алып жойған дұрыс па, жоқ, тамырымен алып тастап, жаңа ағаш отырғызған дұрыс па? Мына мәселе қалай болып жатыр? Мысалы, осы дүңген ұлты туралы желіге керемет мәлімет түсті. 150 жылдан астам уақыт бұрын Қытайдан қалай қуып шықты бұларды? Жақсы адамды кім қуады?! Келді. Жерімізді, төрімізді бердік. Ал енді мына істеп отырғандарын көріп отырсыздар. Арғы жақтың бәрін айтпай-ақ қояйын, менімен теңдей қатар болған, Қордай ауданында осы Масаншының парторгы болған Сейтжанов Жеңіс деген жігіттің үлпілдеп өсіп, 11 класты бітіріп, суретке түсіп келе жатқан қызын зорлап, өлтіріп, өртеп жіберді. Түбінде оған ешкім жауап берген жоқ. Анау бейшара жүрегінен ауырып, осыдан 8 жыл бұрын қайтыс болды. Қазаққа тиген зияны ма? Зияны! тАл енді одан басқа да сан мыңдаған фактілерді айтуға болады. Кеше сіздермен кездестім ғой. Айтайын дегенім, содан үйге барып телевизорды қоссам, әрбір каналдың бәрі бөліп-бөліп, басқаша сипат беріп тастаған. Ал бұған дейін халықтың қаны қайнап, жігері әбден жүн болды. Заң органдары келеді де тек қана біздің жергілікті ұлттың балаларын қамайды, аналар кінәлі болса да. Міне, осында отырған елдің бәрі біледі, Байсүгіров Атымтай деген кісі болған, біздің үлкен ағамыз. Өте мықты ұйымдастырушы, колхоздың главный инженері болған. Сол 70-тен асқан үлкен кісіні көкпарда ерегісіп қалған дүңгендер басынан ұрып, соның салдарынан өлді. Сонда оның өзін апарып қамап тастаған. Сол дүңгендердің біреуін қамамайды, тек қазақтың 80-ге жақындаған шалына дейін қамайды. Бұл қандай заң, қандай мемлекетпіз біз? Өз елімізде, өз жерімізде жүріп, өзіміздің құқығымызды, бала-шағамызды қорғай алмасақ, онда несіне жүрміз? Ондай егемендіктің керегі не?» - деп ашынды ақсақал.
Ауыл тұрғындары оның әр айтқанын растап, қуаттап отырды. Ал олармен кездесуде Үкімет комиссиясының мүшелері құқықтық тәртіпті сақтау, келтірілген залалды қалпына келтіру, болған оқиғаның жай-жапсарын объективті анықтау, бірлік пен татулықты сақтау, болашақта мұндай кикілжіңдерге жол бермеу шараларын қабылдау мәселелерін талқылады.