Олар Жамбыл облысының полиция департаментіне 208 480 580 теңге материалдық шығын келтірген.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында «қаңтар оқиғасы» кезінде қару-жарақ ұрлаған 5 адамға үкім шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Тараз қаласының №2 сотында адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы қару мен оқ-дәрілерді жымқыру, заңсыз тасымалдау және сақтау бойынша 5 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
2022 жылы қаңтар айының 5-нен 6-на қараған түні сотталушылар И., Ә., С., Б., М. Тараз қаласында қирату, бұзу, мүлiктi жоюмен ұласқан жаппай тәртіпсіздіктердің болып жатқанын пайдаланып, Жамбыл облысы полиция департаментінің ғимаратынан атыс қарулары мен оқ-дәрілерді жымқырған.
И. Ә. С. Б. және М.-ның қылмыстық әрекеті салдарынан Жамбыл облысының полиция департаментіне 208 480 580 теңге материалдық зиян келтірілген.
«Сотталушылар кінәларын мойындады, іс бойынша жиналған дәлелдемелердiң қатыстылығы мен жол берілетіндігіне дау келтірмеді. Жаза тағайындау кезінде, сот, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың шын ниетпен өкінулерін, мүліктік залалдың ерікті түрде өтеулерін, сотты болмағандарын таныды. Ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың төтенше жағдайда жасалғаны танылды», - деп көрсетті Жамбыл облыстық соты.
Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ қылмыстарға әрбір қатысушының рөлін ескере отырып, И., Б., С.-ға 3 жыл 6 айға, Ә.-ға 3 жылға, М.-ға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.