Жамбыл облысында халықты газбен қамту деңгейі 89,5 пайызға жетеді

0
437

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы баяндады.


Жамбыл облысында халықты газбен қамту деңгейі 89,5 пайызға жетеді

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте халықты таза ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы баяндады.

Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша қала тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 91% (2022 жылға жоспар - 92,3 %), ауылдар тұрғындарын қамту көрсеткіші - 88,8 % (2022 жылға жоспар - 93,6%) құрады.

Биыл 31 сумен қамту жобасының құрылысына 13,5 млрд.теңге бөлінді. Бөлінген қаражат көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 22,7% - ға артық. Облыс орталығының 6 тұрғын алабын (6,4 мың адам), 13 елді мекенді (33,5 мың адам) орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарлануда.

2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамту көзделген. Халық саны 200-ден аз 31 елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың соңына дейін газбен қамту деңгейі 88,6% - дан 89,5% - ға дейін артады. Биыл 17 елді мекендегі 11,3 мың адам табиғи газбен қамтылады.

"Ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту қажет. Ешқандай сылтаулар мен кедергілер қабылданбайды. Тиісті құжаттарды тез арада дайындау керек. Блок-модульдерді орнатуға қатысты мәселелер бар. Салалық басқарма барлығын мұқият зерделеуі тиіс. Ең бастысы,тұрғындардан ешқандай шағым болмауы қажет. Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстарын жүйелендіретін уақыт келді", – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы жауаптыларға ауылдардағы әлеуметтік нысандарды газ жүйесіне қосу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, бұл Қордай және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдеріне қатысты.

"Газдандыруға қатысты Шу, Сарысу, Мойынқұм аудандарының әкімдері тиісті басқармамен бірлесіп жоспар-кесте жасауы қажет. Мойынқұмдықтарға биыл газ міндетті түрде жетеді деп уәде бердік. Және бұл уәдені орындауымыз керек. Ауылдарға тартылған газ әр үйге жетуі керек. Бұған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, аудан әкімдері жауапты", – деді аймақ басшысы.