«Жамбыл-жылу» жұмысшылары қора тазалап, қой қырқуға мәжбүр болған

0
679

Таразда жылу қазандығының жұмысшылары өз қызметтерінен бөлек, қой бағып, қора тазалауға, сылақ сылауға мәжбүр.


«Жамбыл-жылу» жұмысшылары қора тазалап, қой қырқуға мәжбүр болған

ERNUR.KZ. «Жамбыл-жылу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы жұмысшыларды жеке шаруасына жұмсаған, деп жазады ҚазАқпарат.

Таразда жылу қазандығының жұмысшылары өз қызметтерінен бөлек, қой бағып, қора тазалауға, сылақ сылауға мәжбүр.

Бұдан әрі басшылықтың мұндай талабына көнгісі келмеген қызметкерлер шу шығарды. Олар сенімгерлік басқарумен жекеге өткен мекеменің мемлекетке қайтарылуын талап етті. Өйткені стратегиялық нысан жекеменшікке берілгелі оларға басшылықтың жеке жүктемелері арта түскен.Айтуларынша, мекеменің слесарь, оператор, инженер мамандары мал бағып, қора тазалап, құрылысшы да болып кеткен.

«Басшылық Қостанайға «егін егесіңдер» деп, іссапарға жіберген болатын. Төрт жігіт болып бардық. Бірақ, егін емес, ауладағы қоқысты жинадық. Ертесіне қой қырықтық», – дейді «Жамбыл-жылу» МКК слесарі Ғалымжан Битөреев.

Қазандық жұмысшыларының айтуынша, олар Қостанай облысындағы бастықтың қорасында қара жұмысқа жегілген. Ал құжат бойынша өзге өңірге емес, жақын аудандардың біріне жіберілген.

«Бармаймыз» деп қарсылық білдіргенбіз, «онда өз еріктеріңмен жұмыстан шығасыңдар», - деді. Жұмыстан шығып кетпес үшін амалсыздан бардық», – дейді «Жамбыл-жылу» МКК бөлім басшысы Жаңабек Мәжитов.

Мекеме директоры жұмысшыларының сөздерін жоққа шығармады. Ол сенімгерлік басқаруға алған соң қызметкерлерді қалай, қайда жұмсайтынын өздері шешетінін айтты. Жазда табыс болмағандықтан, ақысыз демалысқа жіберудің орнына мал бақтырып, айлық беруді жөн санапты.

«Жазда жұмыс тоқтаған соң, ақша табуымыз керек. Кәсіпорында 600 адам жұмыс істесе, жазда 350 адам ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр. Демек, қосымша жұмыс істеуге болады», – деп мәлімдеді «Жамбыл-жылу» МКК директоры Мүслім Қасымов.

Бірақ, келісімшартта мал бақтыру жөнінде ештеңе жазылмаған.

Жұмысшылар сондай-ақ, жалақы мәселесін де көтерді. Басшылық жалақыны алдағы жылу маусымында көтереміз деп сендірді. Алайда, ашулы қызметкерлер бұған көнбеді. Олар мекеме мемлекетке қайтарылып, серіктестік жұмысына тексеріс тағайындалуын сұрайды.

Бұған дейін Жамбыл облысына 25 миллион теңгенің темекісін заңсыз кіргізбек болғанын жазған болатынбыз.