Жамбылдағы жарылыс кезінде аман қалған құтқарушылар сотталуы мүмкін

0
521

Қазір олардың үстінен "Өз қызметіне салғырттық танытты" деген айыппен қылмыстық іс қозғалыпты.


Жамбылдағы жарылыс кезінде аман қалған құтқарушылар сотталуы мүмкін

ERNUR.KZ. Өрт сөндірушілердің жақындары бұл айыппен келіспей отыр, деп жазады exk.kz.

Апат кезінде қызметіне адалдық танытпады деп кінә тағылғандардың бірі — Асыл Мұхаметжанов. Ол Байзақ ауданындағы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметін атқарған. Айтуынша, апат орнына алғашқылардың бірі болып барып, тілсіз жаумен күресіпті. Сол үшін өрт сөндіруші "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған да екен. Алайда, кейіннен кінәлі деп күдікке алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Құтқарушы басына түскен мәселесін айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған.


Қазір Мұхаметжанов апат кезінде алған жарақаттарына байланысты жұмысқа жарамсыз болыпп отыр. Күні кеше ауруханаға қайта түсіпті. Денсаулығына байланысты тілдесу мүмкін болмады. Құтқарушының әкесі болса баласына тағылған кінә негізсіз дегенді айтады.

"Жарылыс болған жерде 4 адам басшылық жасады. Екі азамат қайтыс болып кетті, екеуі тірі қалды. Ал енді сол екі тірі қалған азаматтар қазір жауапқа тартылып жатыр. Сонда тірі қалғаны үшін кінәлі ме? Неге?" - дейді Жомарт Мұхаметжанов.

Мұндай айып тағы бір құтқарушыға тағылып отыр екен. Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Мансұр Шайкрамов та күдікті ретінде жауап беруде. Құқық қорғау органдары екі азаматқа нақты қандай кінә артылғанын ашып айтпай отыр.

"ҚР Республикасы ҚК 371-ші бабының екінші бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қазір ҚР ІІМ әскери тергеу басқармасы тергеу жүргізуде. Әлі аяқталған жоқ", - дейді облыстық прокуратураның өкілі Дархан Сатыбалдиев.

Алғашында батыр атанып, кейін үстілерінен қылмыстық іс қозғалған құтқарушылардың туыстары енді әскери тергеу басқармасынан жауап күтіп отыр.

Еске сала кетейік, былтыр Байзақ ауданындағы қару-жарақ қоймасында жойқын жарылыс болып, 17 адам ажал құшқан еді. Бір әскериден әлі күнге дейін хабар жоқ. Төтенше жағдайдың себебі де әзірге айтылмады.