«Жарайсың» мен смайлик: Оқушылардың білімін бағалау жүйесі өзгереді

0
7 651

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов критериалды бағалау жүйесін сынға алды.


«Жарайсың» мен смайлик: Оқушылардың білімін бағалау жүйесі өзгереді

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов критериалды бағалау жүйесін сынға алып, бұл жүйені одан әрі жаңғыртатынын айтты, деп жазады baq.kz.

«Әлі күнге дейін критериалды бағалау жүйесі көп сұрақ туындатып отыр. БҒМ-нің ұстанымын айтар болсам, біз бағалаудың критериалды жүйесіне көштік, оны қайта қараудың қажеті жоқ. Жалпы педагогтар түсінеді, үйренді. Десек те әлі де проблемалар барын мойындаймыз. Сондықтан бұл жүйені одан әрі жаңғыртамыз. Мектептер күніне 6-7 бөлімдік жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізетінін көреміз, негізінде бұған жол беруге болмайды», - деді министр дәстүрлі Тамыз конференциясында.

Аймағамбетов мұғалімдердің формативті бағалауды сапасыз жүргізетінін айта кетті.

«Формативті бағалау бойынша көптеген мектепте, өкінішке қарай, біз оқыту курстарын өткізсек те, тек «смайликтер» қойып, «жарайсың» деп жазады. Бала белгілі бір уақытта «жарайсың» мен смайликтер алып жүреді де, кенет ата-анасы немесе баланың өзі күтетін баға алмайды. Формативті бағалаудың идеясы басқа болды: біз оқушының прогресін, оның керісінше құлдырауын, немен жұмыс істеу керек, қай тұсы жақсы, қай тұсы жаман болып жатыр, соны көрсетуге тиіс едік. Өкінішке қарай, бізде дәл осы іске аспай отыр. Сондықтан министрлік бұл жұмысты одан әрі жүргізеді», - деді ол.

Министр мұғалімдер БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларын өз бетінше құрастыруды үйренуі қажет екенін атап өтті.

«Ата-аналар да, балалар да бейімделіп қалған. Сайтқа кіреді. Қандай тапсырмалар болатынын қарайды да, жаттап алады. Жақсы баға алып, бәрі соған риза болып отырады. Сайттан дайын ТЖБ мен БЖБ ала салу және оны еш өзгертпей сабақта пайдалану дұрыс емес деп ойлаймын. Сайттағы нәрсе әдістемелік қолдау үшін орналастырылған. Біз бағалау жүйесі, критериалды бағалау жүйесі тиімді қолданылуы үшін үлкен жұмыс жүргіземіз. Бұл өте маңызды мәселе», - деді ведомство басшысы.