Жас жұбайлар тойханаға тікұшақпен келді: Ұшқыш жұмыстан босатылды

0
1 080

Мейрамханаға тікұшақпен ұшып келген шаңырақ құрушылардың видеосы Instagram әлеуметтік желісіндегі @kris.p.almaty парақшасында пайда болған.


Жас жұбайлар тойханаға тікұшақпен келді: Ұшқыш жұмыстан босатылды

ERNUR.KZ. Азаматтық авиация комитеті мейрамхана алдына жас жұбайларды тікұшақпен алып келген ұшқышты жұмыстан босатты, деп жазады tengrinews.kz.

"Бірқатар қазақстандық БАҚ-та видео жарияланды, онда "Falcon Avia" ЖШС-ға тиесілі тікұшақты қондыру сәті көрсетілген. Осылайша, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м. а. бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды жүргізу ережесінің 423-тармағының ережелері сақталмаған", - делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.

Елді мекен аумағына қонуға жол берген әуе кемесінің капитаны А. В. Матвиенко ұшудан шеттетілді, сондай-ақ "Falcon Avia" ЖШС ұшуды ұйымдастыру мәселелерін тексеру үшін инспекциялық комиссия жіберілді. Осыған дейін, өз тойларына ерекше келудің әдісін ойлап тапқан қазақстандық жас жұбайлар интернет қолданушыларын таңғалдырған еді.

Мейрамханаға тікұшақпен ұшып келген шаңырақ құрушылардың видеосы Instagram әлеуметтік желісіндегі @kris.p.almaty парақшасында пайда болған. Бейнероликте тікұшақпен түсіп келе жатқан жас жұбайларды той қонақтары күтіп тұрған кадрлар бейнеленген.

Интернет қолданушылары бұл әрекетті әртүрлі қабылдаған. Бірі ақшаны желге шашу деп есептесе, енді бірі бұл ерекше әрекетті қолдап, түсіністікпен қараған.

"Қаладағы үлкен кептелістерге бола тікұшақпен келеміз деп шешкен ғой", - дейді пікір жазушылар. "Жастар жарайсыңдар, басқаларға ұқсамайтын, ерекше әдіс ойлап тапқан екен", - дейді интернет қолданушылары.