Жасөспірімдерге есірткіні интернет арқылы сататындар өмір бойына сотталады

0
903

Есірткіні насихаттау және заңсыз жарнамалау үшін Қылмыстық Кодекске жаңа 299-бабы енгізіледі.


Жасөспірімдерге есірткіні интернет арқылы сататындар өмір бойына сотталады

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық заңнамаға бірқатар түзету енгізілді. Оларға сәйкес есірткі қылмыстары үшін жауапкершілік қатаңдайды, деп жазады baq.kz.

Есірткіні насихаттау және заңсыз жарнамалау үшін Қылмыстық Кодекске жаңа 299-бабы енгізіледі. Ол бойынша бас бостандығынан айыру мерзімі – 6 жылға дейін болады, - деді бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов ОКҚ-дағы брифинг барысында.

Оның айтуынша, есірткі сататындар күнде жаңа тәсілдер ойлап табуда. Олар есірткі туралы ақпаратты үйлерге, жатақханаларға және басқа да объектілерге орналастырып, хабар тартумен айналысады. Енді мұндай әрекет заңмен жазаланады және ауыр қылмыс болып саналады.

Заңсыз айналым үшін жауаптылықты көздейтін баптарда (ҚК 297-б.) және есірткіні пайдалануға көндіргені үшін (ҚК 299-б.) "электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану" және "қоғамдық орындарда” деген жаңа квалификациялық белгілері енгізілді. Бұдан былай, интернет арқылы, түнгі клубтарда, дәмханаларда, парктерде есірткі айналымымен айналысқандар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ал кәмелетке толмаған адамға осындай тәсілмен есірткіні сатқандар өмір бойы бас бостандығынан айырылады, - деді Марат Ахметжанов.
Айта кетейік, көлікті мас күйінде айдағандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Сондай-ақ, бұдан бұлай балаға қатысты зорлық-зомбылық жасаған педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады.