Министр жұқтыру бойынша өсім болатынын мәлім етті.
ERNUR.KZ. Қазақстанда желтоқсан немесе қаңтар айларында қатаң карантин шаралары енгізілуі мүмкін бе? Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында бұл сұрақ Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қойылды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Апта сайын мәліметтерді зерттеп, алдағы кезеңдерге де болжам жасап жатырмыз. Қазір көріп отырғанымыздай, Қазақстанда карантин шараларын желтоқсан немесе қаңтар айларында енгізу мәселесі жағдайды қаншалықты бақылауда ұстай алатынымызға байланысты болады. Қазір коронавирус өршіген кейбір өңірде жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Шығыс Қазақстанда мәселен жағдай реттеліп, жұқтыру деңгейінің төмендеу тенденциясын бақылаудамыз», - деді Алексей Цой.
Министр әйтсе де, жұқтыру бойынша өсім болатынын мәлім етті.
«Ең бастысы – жағдайды бақылауда ұстау. Қазір инфекциялық ауруханалар 22 пайызға, жансақтау төсектері 17 пайызға жүктелген. Яғни, резерв бар. Сондықтан қазір уайымдаудың қажеті жоқ. Бәрі бақылауда», - деді ол.