Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жер қатынастарын реттеуге арналған заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жер қатынастарын реттеуге арналған заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, депутат Берік Оспановтың айтуынша, аталған құжат Жер комиссиясының жұмысы нәтижесінде әзірленген. Комиссия бірнеше шешім шығарған болса, соның барлығы заң жобасына еніп отыр. "Мәселен, жарғылық капиталында шетелдіктердің немесе шетелдік заңды тұлғалардың үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылық жерлерін жалға беруге мораторийдің қолданылуы кеңейтіледі. Енді, жарғылық капиталға шетелдік қатысудың кез келген пайызы жер учаскесіне тиісті құқықтарды алмауға себеп болады. Осылайша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін шетелдік жер пайдаланушыларға жалға берілмейді. Барлық жеке және заңды тұлғалардың жеке меншігіне де берілмейтін болады. Ал республика азаматтарына және шетелдіктер қатыспайтын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер уақытша жерді пайдалану құқығымен ғана беріледі", - деп атап көрсетті Б.Оспанов. Айта кетейік, құжаттың толық атауы - "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы. Алдағы уақытта оны сенаторлардың талқылауына шығарады.