COVID-19 бойынша қалған шектеу талаптары күшінде қалады.
ERNUR.KZ. Елімізде қалалар арасында қатынайтын жолаушылар пойызында вагон-мейрамхананың жұмыс істеуіне рұқсат беріледі, деп жазады ҚазАқпарат.
Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабыловтың тиісті қаулысына сәйкес, жолаушылар пойызы құрамындағы вагон-мейрамхана жолаушылардың алдын ала тапсырысы бойынша жеткізіп беру қызметін көрсетеді және әлеуметтік арақашықтық сақтай отырып, тамақтану залында 50 пайыз ғана жүктемемен жұмысын бастайды.
«Бұл ретте қоғамдық тамақтану қызметкерлері маска тағып, қолғап киюі тиіс. Жұмысқа кірісер алдында ауру белгілерін анықтау үшін дене қызуын өлшетіп, тексеруден өтуі қажет. Нысанда санитарлық-залалсыздандыру режимі, дайын тамақты тапсырыс берушіге оралған күйде жеткізу талаптары міндетті түрде сақталуы керек. Бұған қоса, кемінде 1 метр әлеуметтік арақашықтық және маска режимі сақталған кезде жолаушылар вагондар арасында еркін жүріп, вагон-мейрамханаға бара алады», - деді Сәдуақас Байғабылов.
Айта кетейік, COVID-19 бойынша қалған шектеу талаптары күшінде қалады.